Осы жылдың ақпанында «Нотариат туралы» ҚР Заңына едәуір өзгерістер енгізілді. Соның арқасында азаматтық істердің бір бөлігі судьялардың құзырынан нотариустарға - атап айтқанда, қарызды қайтару бойынша іс қарау блогы ауысты. Енді қарызды кез-келген нотариустың қарарымен туыстарынан, жұмыс берушіден немесе коммуналдық қызметтердің тұтынушысынан өндіріп алуға болады.
– Мен мұны бірнеше себептерге байланысты заңнамадағы жетістік деп атар едім. Біріншіден, заң берешекті өндіріп алу туралы талап арыздар бойынша үлкен қағаз айналымынан арылтып, соттардың жұмысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді соттар анағұрлым күрделі істер үшін көбірек уақыт бөледі; екіншіден, берешекті өндіріп алу жұмыстары едәуір жеңілдеп, тез істелетін болды: талапкерлерге сотқа жүгінудің қажеті жоқ, кез-келген нотариус арызды қабылдай алады және келесі растау дәлелдері жеткілікті болса, даусыз берешекті өндіріп алу туралы орындау жазбасын шығарады, - дейді Атырау нотариалдық округінің нотариусы Светлана СҰЛТАНҒАЛИЕВА.
- «Орындау жазбасы» деген тұжырымдама нені білдіреді және қарыз өндірушінің артықшылықтары қандай?
- Орындау жазбасы - бұл нотариустің борышкерден өндіріп алушының пайдасына ақшалай соманы немесе жылжымайтын мүлік түріндегі даусыз берешектерді өндіріп алу жүргізілетіндігі туралы өкімі. Әңгімелесу форматы орындау жазбасын толтыруға болатын талаптардың бүкіл тізімін егжей-тегжейлі баяндауға мүмкіндік бермейді, бірақ қысқаша айтсақ, бұл әр түрлі берешектер.
Ең көп тарағаны - нотариалды куәландырылған мәмілелер нәтижесінде пайда болған берешектер; кез келген жазбаша келісімшарттар бойынша берешектер; төленбеген жалақы мен басқа да төлемдер; ломбард несиелері, лизинг келісімшарттары бойынша берешектер; сумен, электрмен және газбен қамту бойынша нақты тұтынылған қызметтер үшін коммуналдық берешектер; ПИК қызметтерін төлеу бойынша берешектер; нақты тұтынылған кез келген қызмет үшін жария шарттар бойынша берешектер; төленбеген жалдау төлемдері және т.б. берешектер.
Орындау жазбасының мемлекеттік нотариат болған заманнан бері нотариаттық қызмет түрі ретінде әрекет еткен тарихы болса да (2000 жылы тізімнен алынып тасталды, содан кейін 2016 жылы қайта қолданысқа енгізілді, енді осы жылдың қаңтар айында толықтырылды), бүгінде даусыз тәртіппен берешекті өндіріп алу талаптарының қолданыстағы қатаң тізімі бар. Олар бойынша даусыз берешектерді өндіруді нотариустар орындау жазбалары арқылы жүзеге асырады.
- Сіздерге жүгіну үшін қандай негіздер жеткілікті болуы мүмкін?
- Егер негізгі жайттарды белгілесек, бұлар: берешек даусыз тәртіпте нотариусқа ұсынылған құжаттармен расталуы керек және мерзімі талап ету құқығы туындаған күннен үш жылдан аспауы тиіс.
Егер 2016 жылдан бастап қайта енгізілген борышты өндіру үшін нотариустан бөлек сотқа да жүгіне алатындай балама тәсілі бар болған болса, аталмыш өзгерістерден кейін өндіруші тек нотариусқа ғана жүгінеді. Бұл жерде заң шығарушы орындау жазбасының көшірмесін алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде нотариусқа наразылық жаза алатын борышкердің де құқығын қарастырғанын атап өту керек. Содан кейін, егер қарыздың даусыз екені расталса және наразылық түспесе, нотариустың бұл өкімі орындауға жатқызылып, борышкердің талабы мәжбүрлі түрде қанағаттандырылады.
- Бұл құжат талаптарын кім орындайды?
- Сот шешімі секілді – сот орындаушылар. Борышкерлерге негізгі қарыздан басқа өндірушіге келтірілген залалдарды өтеуге, сонымен қатар, сот орындаушыларының жұмысын төлеуге тура келетінін ескерген жөн.
- Атырауда осы заңнамалық өзгерістердің қолданылу тәжірибесі қандай?
- Өкінішке орай, ақпараттың аздығынан болар, бұл өте баяу жүруде. Жарты жыл бойы осындай дауларды соттан тыс шешуге болатынына қарамастан, талапкерлер негізінен бұрынғыша сотқа жүгінеді, өтініштері қабыл алынбай, қарыз ақшаларын қайтара алмайды... Басқа өңірлерде жағдай жақсырақ, бізде нотариустар жасаған орындау жазбаларының саны Қазақстанның басқа облыстарымен салыстырғанда өте аз. Мұны менталитетке сілтегім келмейді, оны неке шарттарымен де салыстырғым келмейді, мысалы, айта кету керек, біздің облыста бұл да аз жасалады. Мұны тұрғындарымыздың өздерінің жаңа құқықтарынан бейхабар екендігімен байланыстыруға болады. Бұл жаңа өзгерістер қолданылған жекелеген жағдайлар бар. Атырау нотариустары жақсы нәтижелерімен мақтана алады. Мысалы, нотариустың орындау жазбасы орындалғаннан кейін клиенттің бірнеше жылғы алажағын келесі күні борышкер өтеген.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА