Сенбі күні жергілікті уақытпен түнгі 11 шамасында Нью-Йоркте атыс болды деп xабарлайды ҚазАқпарат The New York Post-қа сілтеме жасап.
Полицияның мәлімдеуінше, Бруклиндегі атыс салдарынан 38 жастағы ер адам қаза тапты. Тағы 11 адам жараланған. Хабарларға қарағанда, Браунсвилл демалыс орталығында жыл сайын өтетін дәстүрлі кешке қарумен кірген қаскөй сондағы адамдарды қырып тастамақ болған. Қылмыскер әлі ұсталған жоқ.
«Бүгін Браунсвилл ауданында жан түршігерлік атыс болды», – деп жазды Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио Twitter-дегі парақшасында. Айта кетейік, аталған дәстүрлі кештің өтіп жатқанына биыл 56 жыл болған. Оған жыл сайын мыңдаған адам келеді.
Дереккөз: inform.kz