16 шілдеде Қазақстанда жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық беретін заң күшіне енді. Әңгіме негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдарды жою жөнінде болып отыр. Заң жыл соңына дейін күшінде болады. Атырау облысында бүгінде 36 мың жеке тұлғаның жалпы сомасы 401 млн 289 мың теңге салықтық берешегі жиналған, оның 13 мыңға жуығында 161 млн 089 мың теңге көлемінде өсімпұлы бар.
- Өсімпұлды жоюдың жалғыз шарты - жеке тұлға негізгі салық қарызын төлеуі керек. Бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, біздің қызметкерлер күн сайын жеке тұлғалардың жеке шоттарының жай-күйін қадағалап отырады. Негізгі қарыз төленген жағдайда, 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлдарды жою туралы тиісті шешім шығарылады, - дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Әлия МЕҢДІБАЕВА.
- Ал егер осы жылдың басында салық төлеуші өткен жылдың негізгі қарызы мен өсімпұлын төлесе ше?
- Бұл жағдайда өсімпұл сомасы қайтарылады. Атырау облысының Мемлекеттік кірістер департаментіне өтініш жазу қажет.
Ә.Меңдібаева сонымен қатар үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 2018 жылдың 1 қазанында болған салықтар бойынша негізгі қарызды 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда, өсімпұлдар мен айыппұлдарды жоюды көздейтін шағын және орта бизнеске арналған салықтық рақымшылық туралы заңның күшіне енгенін еске салды. Бұл рақымшылық бақылауға жататын ірі салық төлеушілерге, жер қойнауын пайдаланушыларға, акцизделетін тауарларды өндірушілерге қолданылмайды.
Айта кету керек, Қазақстанда салықтық рақымшылық үш мәрте - 1997-1999, 2011 және 2015 жылдары жүргізілді.
Фархат ӘБІЛОВ