Атырау, 22 желтоқсан 21:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Оң жағалауға арналған құбыр және философия

3 423 рет қаралды


Атыраудың оң жақ жағалауын жылумен қамтамасыз етуге қауіп төніп  тұр. Бұған дәлелді себебі де бар. Әңгіме ҚР Конституциясында бекітілген жеке меншік құқығы туралы болып отыр.  Жеке және қоғамдық мүдделерді қалай арашалауға болады – осындай философиялық деуге келетін мәселе бойынша күрмеуі бұдан да қиын мәселелерді шешуді үйренген Атыраудың жылу беру мамандары бас қатырып отыр.

Басынан бастасақ, «АЖ»-ға «Жерұйық» ықшам ауданының тұрғындары көмек сұрап келді. Олардың үйлерінің жанынан жылу жеүйесінің магистральдық құбыры өтіп жатыр. Олардың айтуынша, жақында жылу беру мамандары бұл жерде қызу жұмыс бастап, жағалай траншея қазып тастады. Бірақ бір жарым апта бұрын бәрі тоқтап қалды.

Осы жағдайды түсіндіру үшін біз «Атырау жылу жүйелері» АҚ вице-президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВКЕ жолықтық. Оның айтуынша, 4 жыл бұрын кәсіпорын магистральдық жылу жүйелерін ауыстыру бағдарламасын бастады. Бұл жылу трассасы 1993 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынды және 1995 жылы іске қосылды. Әрине, ширек ғасыр ішінде ескі құбырлар ескіріп, ауыстыруды қажет етеді. Жаңа бағдарлама аясында қазір кезең-кезеңімен Атыраудың оң жағалауындағы құбырлар ауыстырылып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, жұмыстар Авангард-4 ықшамауданынан бастап, «Тамаша» сауда үйінің маңына дейін жүргізіліп келді. Әрі қарай олар фин жылу қазандығы жағына қарай бағыт алды.

- Міне, сол «Жерұйық» шағын ауданында қазандықтан ондаған метр жерде біз кедергіге тап болдық. Бұрын 1993 жылы салынған құбырлардың үстінде қазір екі жеке жер учаскесі бар. Құбырдың үстінде бір жерде гараж тұрғызылған болса, екінші жерде ауланың ішін бетондап қойған. Бұл жердегі диаметрі 500 мм құбырлар бойынан температурасы 130-150 градусқа тең болатын ыстық су өтеді және ол белгілі қысыммен беріледі. Сондықтан адамдардың денсаулығы мен өміріне едәуір қауіп бар. Бұл жердегі құбырларды ауыстырмай кете алмаймыз, олардың әбден тозығы жеткен. Жеке меншік иелілігіндегі жерге басып кіруге, гаражды бұзуға және бетон төсемін аршуға да құқымыз жоқ. Жалпы, мен айтқандай, магистральдық желілерге тікелей жақын орналасуы осы учаскелердің иелері үшін қауіп төндіреді. Ал оң жақ жағалауға жылу беру мәселесі осы құбырларды ауыстыруға байланысты болып тұр. Біз тұйыққа келіп тірелдік, – деп мойындады Әлібек Темірғалиев.

Мамандар жеке меншік иеліктерді «айналып өтуді» де ойластырып көрген, бірақ болмай тұр.  Бұл жерде газ, су және кәріз құбырлары тартылған. Оларды сауатты және зиянсыз ығыстыру үшін жоба әзірлеп, арнайы рұқсат алу керек. Ал ол көп уақыт пен қаржы қаражатын қажет етеді. Жылу беру мамандарының пікірінше, меншік иелеріне жолығу да еш нәтиже бермейді, өйткені олар кезінде қалалық биліктің өзі рұқсат берген жерді иеленіп отыр ғой.


- Айтпақшы, олар бұл жер телімдерін қалай алды? Себебі, мемлекеттік акт алу үшін әдетте барлық коммуналдық қызметтердің рұқсаты қажет емес пе?

- Гараж салынып тұрған жер телімі 2009 жылы, жылу жүйелерінің күзет аймағының ережесіне сәйкес, дұрыс берілген. Бірақ содан кейін ол жерге гараж салып, кеңейтуге рұқсат алған. Екінші жер телімі бойынша ол біздің мекемеден рұқсат алмаған, оған мен 100 пайыз сенімдімін. Біріншіден, мен біздегі құжаттар бойынша тексердім, екіншіден өзім сол комиссия мүшесі болғандықтан, ондайға жол бермес едім, - дейді А.Темірғалиев.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИН бұл жағдайда жылу жүйелерінің иелігіндегі жер телімдерін жеке меншікке берген жергілікті биліктің қателігі орын алғанын мойындады.

- Бұл олардың жері, оларда құбырлар өтетін учаскелерге мемлекеттік акт бар. Мекеме бұл мәселені сот талқылауына салуға бастама жасады және мен оларды қолдауға дайынмын. Егер бұл учаскелерді кері қайтаруға тура келсе, қалалық әкімдік жер телімдері иелеріне олардың шығынын өтейді. Таразының екінші басында облыс орталығының жартысын жылумен қамту мәселесі тұр. Біз оң жағалауды қыста жылусыз қалдыра алмаймыз, – деп атап өтті Кейкин.

Бұл мәселе шешілгенше, ыстық су уақытша жер үсті құбырлары арқылы беріледі. Бірақ олардың диаметрі суықта үйлерді жылыту үшін қажетті арынды ұстауға қауқарсыз.   

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

26 шілде 2019, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.