Жайық өзенінің ағысы бойынша қаладан жоғары тұрған Береке ауылы тұсындағы өндірістік базада тұрған бөшкелер - сыртқы жазбаларына қарасақ, химиялық реагенттер - түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде халықтың алаңдаушылығын тудырды.
- Бұл бәрімізді алаңдатады,- дейді қала тұрғыны Арман ХАЙРУЛЛИН. - Соңғы күндері болған нөсер жауын бөшкелердегі қосындыларды өзенге ағызуы мүмкін ғой.
Осы жерге «АЖ» тілшісі де барды. Бетон дуалмен қоршалған кең аулада құлыпталған бірнеше гараждар орналасқан. Елуге тарта бөшке мен белгісіз қапшықтар ашық күйде жатыр. Кейбірінен жерге май қалдықтары төгілген.
Интернетте бейнежазба пайда болғаннан кейін аталған орынға экология, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті келіп, судың, топырақтың сынамаларын алған. Базаның иесі де іздестіріліп жатыр, жабық гараждардың ішінде қандай улы заттар бар екенін кім білсін? Зерттеу нәтижелерін күтеміз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор