Атырау, 24 қараша 16:09
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бассейндегі бассыздық

Сурет
4 822 просмотра


Осыдан біраз уақыт бұрын "Мұнайшы" орталық жүзу бассейнінде жаттығып жүрген және жүзуден Атырау облысы құрамасының мүшелері болған балалардың ата-аналары бассейн басшылығына судың сапасына қатысты айтарлықтай наразылықтар білдірді. Олардың айтуынша, бассейндегі суда хлордың көп болуына байланысты балалар дерматологиялық және аллергиялық аурулармен ауыра бастады. Ата-аналардың бассейн өкілдерімен «жылы» кездесуінде АЖ  тілшісі де қатысып, жүзгіштерден басқаларды да толғандыратын бұл мәселенің шешілу барысын бақылаған еді.

«БАЛАЛАР ЖӨТЕЛІП, КӨЗДЕРІ ҚЫЗАРАДЫ»

2017 жылдан бері «Мұнайшы» орталық жүзу бассейні «Атырау» Су спорты түрлері клубы» ЖШС-нің сенімді басқаруында.

- Қазір бассейнде су жағдайының дұрыс болмауына байланысты жаттығу сабақтарын жүргізу мүмкін емес. Көптеген балалар дерматологиялық және аллергиялық ауруларға шалдыққан. Суға қосылатын хлор мөлшерінің көптігінен олар жаттығу кезінде де, үйде де жөтел пайда болғанына шағымданады. Біздің білуімізше, су өткен жылдан бері ауыстырылмаған, - деп дабыл қақты Эльмира ЖАКУПОВА.

Эльмира ЖАКУПОВА

- Біз суды үнемі ауыстырып отырамыз, яғни  жылына бір рет немесе екі жылда бір рет, - деп жауап берді орталық бассейн директорының орынбасары Жалғас ӨТЕБАЛИЕВ.

- Біз қазір кез-келген ата-анаға қоңырау шалып, олардың бассейнге шағымдары бар-жоқтығын сұрай аламыз. Барлығы «иә, бар» деп жауап береді! - деп Әсия ЗУБОВА да Жакупованың сөзіне қосыла кетті.

- Бізде 400-ден астам бала жаттығады. Неге тек құрамадағы балалар ғана ауырады? – деп қарсы сұрақ қойды Өтебәлиев.

- Біріншіден, бәрі бірдей шағымдануға батылы бара бермейді. Екіншіден, әркімнің иммунитеті әртүрлі. Біздің балалар бірнеше жыл бойы осы бассейнде жаттығады. Біз олардың көпшілігінде тұншықтыратындай жөтел пайда болғанына шағымданып, дерматологиялық аурулардың белгілерінен кейін ғана бұл мәселені көтеріп отырмыз. Сіз оларды сапалы сумен қамтамасыз ете алмайсыз ба? – дейді Әлия ЖЕТПІСОВА.

- Менің балам жөтеледі, көздері қызарады.  Бұл хлормен жеңіл уланудың алғашқы белгілері. Бұл тек менің баламда емес, мұндай белгілер барлығында да бар. Бұл – облыс намысын қорғайтын балалар ғой. Сіз балаңызды немесе немереңізді хлор мөлшері нормадан 11 есе артық болып тұрған суға түсірер ме едіңіз? – деп сұрады Жакупова.

Бізде судың көрсеткіштерінің бәрі жақсы. Хлордың мөлшерден артуы байқалмайды, - деді Өтебәлиев. Содан кейін ол медицина қызметкерінен осындағы бір спортшының дерматологиялық дертіне байланысты жағдайды түсіндіруді өтінді. 

Мен сіздің сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын, себебі мен тек медбикемін. Ауру жөніне келетін болсақ, бұл қыздың жаттықтырушысы бізге жолықпады, – деп бассейннің медициналық бөлімінің қызметкері түсініктеме берді.

Ол – жүзуден чемпион, әрі жаттықтырушы болуды армандайды. Аурудың салдарынан ол Теміртау қаласында өткен жарысқа қатыса алмады. Басшылық та осы сапарын қаржыландырмады. Сіз балаларға қолдау көрсетпейсіз, – дейді Жетпісова.

Теміртаудағы жарысқа неге ақша бөлінбеді? – деп мен сұрадым.

– Облыстық спорт басқармасы қаражат бөлмеді, - деп жауап берді Жетпісова.

Біз бұған еш қатысымыз жоқ, – деп түсініктеме берді Өтебәлиев. 

Біз Ұлттық сараптама орталығына сұраныс жіберіп, жауабын күтіп отырмыз.  Талдауларды салыстырамыз, – деді Жакупова. – Маусым айында ата-аналардың бастамасы бойынша жүргізілген судың анализі хлор құрамының 9-11 есеге артқанын көрсетті. Зерттеу қорытындысында 0,6 норма болса, CI 4,7-5,9 деп көрсетіліп тұр. Біздің балаларымыз күн сайын жаттығу үшін жарамсыз бассейнге түсуге және судың сапасыздығынан туындайтын созылмалы ауруларға душар ететін қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр болып отыр. Шешінетін және жуынатын бөлмелердің де жағдайы нашар, дәретханалары лас. Ылғалдық пен температуралық режим сақталмайды. Жарықтандырылуы нашар. Жүріңіз,  бассейнді бірге қарап, хлордың құрамын өлшейік.

ЖҮЗГІШТЕР ҚҰРЛЫҚТА ЖАТТЫҒАДЫ

Жақыпованың сөзіне қарағанда, қызмет ұсынушы, яғни, бұл жерде «"Атырау" су спорт түрлері клубы» мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартқа сәйкес жүзу құрамасының жарыстар мен жиындарға қатысуы және дайындығы үшін талаптарды сақтауға тиіс.

- Хлор мөлшерінің көп болуынан қазір балалар бұл жерде жаттыға алмайды. Судың жағдайын көріп отырған бапкер жаттығуды залда немесе коммерциялық бассейндерде өткізуге мәжбүр. Ал таяуда Таразда жарыс болады. Егер спортшыларға дайындық үшін жағдай жасалмаған болса, жақсы жетістіктерге жету туралы қандай әңгіме болмақ? – деп Жақыпова сауалмен жауап берді.

Бұрын ата-аналар қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына барып жүрді, алайда, олардағы процедуралар  ауқымы өте үлкен:

-Олардың күтпеген жерден тексеріс жасауға құқығы жоқ, сізге хабарлама жіберуі тиіс, актті құқықтық статистика және арнайы есепшоттар орталығында тіркеуі керек. Мұның бәрі сіздің дайындалатын уақытыңызды алып қояды.

Өтебалиев:

- Анализді дәл қазір алыңыз, мен ақысын төлеймін! Біз ештеңені жасырмаймыз.

Олардың барлығы алдымен бассейнді қарап шықты. Көз қуанарлық жағдай емес: қираған, лас шкафтар, әжетханадан шыққан жағымсыз иістер, жұмыс істемейтін вентиляция.


- Міне, көріп тұрсыздар әжетханалар мен шешінетін жерлер пайдалануға келмейді. Шкафтардың есіктері сынған, жабылмайды. Әжетханалар антисанитарлық жағдайда, жуынатын бөлмелер жұмыс істемейді. Бұдан басқа, бассейнде жарық шамдары жеткіліксіз, шатырдан су ағады. Фу, оның үстіне хлордың иісі күшті, - дейді жас жүзгіштердің бірінің анасы мұрынын жауып.  

Одан кейін тәуелсіз сарапшы ретінде шақырылған жеке бассейндердің бірінің қызметкері бассейндегі хлордың мөлшерін өлшеп көрді. Бастапқыда дозиметр ойнақшып тұрды да, цифрды көрсеткен жоқ. Үшінші рет өлшегеннен соң ғана көрсетті: 4,8 мг/г, 5,9 – сәл тереңдеу. 

- Біз стандартқа сәйкес шокты хлорлау деп аталатын залалсыздандыру жұмыстарын жүргіземіз. 4,8 немесе 5,9 – бұл барынша қалыпты. Түсіндіріп кетейін: 4,8 – бұл бос хлор, ал 5,9 – тұнған хлор, яғни, қалдық. Ереже бойынша 5,9 –дан 4,8 аламыз – 1,1 бос хлор шығады. Бұл қалыпты. Шокты хлорлау – бұл бассейндегі суды қауіпсіз және таза сақтау тәсілі, аз уақыт ішінде хлор деңгейін тез көтеру үшін әдеттегіден 3-5 рет артық саламыз. Бұл хлордың тиімсіз бөлігін алып тастауға және бактерияларды өлтіріп, хлордың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Бассейндерде сусабындардың, гель, басқа да жуғыш заттардың қалдықтары болады. Шокты хлорлау мұның бәрін өлтіреді, сөйтіп, суды қауіпсіз етеді, деп түсіндірді Өтебалиев.

- Шокты хлорлауды сіздер  жиі жасайсыздар ма?

- Жалпы сарапшылар бассейндерді кем дегенде бір айда хлорлап  тұруға кеңес береді. Бірақ біз екі рет жасаймыз, өйткені, келушілер саны көп. Көбіне түнде жүргізіледі, ал таңертең су таза болып тұрады.

ТОЛЫҚ  ЖӨНДЕУ

Маусым айының аяғында қалалық тауар және қызмет беру сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасы «Мұнайшы» орталық жүзу бассейніне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салды. Содан кейін бассейн жөндеуге жабылды.

Мен жөндеу жұмысы аяқталуға жақын уақытта бассейнде болып, көріп қайттым. Сол кезде маған Жалғас Өтебалиев былай деді: 

- Ерлер мен әйелдер, балалардың шешінетін және жуынатын бөлмелерінің жағдайына қатысты айтсам: барлық жерде кафельдер ауыстырылды, барлық жуынатын бөлмелердегі себезгілер мен унитаздар орнатылды. Барлық шешінетін орындарға жаңа жеке темір шкафтар сатып алынып, орнатылды. Жарық құралдары ауыстырылды. Енді бассейндерде залалдандырғыш құралдарды қолдана отырып, күн бойына 4 рет ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күн сайын бассейнге шамамен 1000 адам (оның ішінде спорт секцияларының тәрбиеленушілері де бар) келеді, біздің бюджетіміз олардың барлығын бірдей сұйық сабынмен (бассейнге келу ережесінде өз жуғыш құралдары болуы міндетті деген тарау бар) қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Шешінетін бөлмелерде ішінара вентиляциялық жүйелер жұмыс істейді. Үлкен бассейнге Испаниядан 2 жаңа сорғы сатып алдық, дәл қазір 4 сорғы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, суды зарарсыздандыру бойынша автоматты мөлшерлеу үшін қажетті  құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. 

Қаласа, бәрін жасауға болады екен. Мен ата-аналармен хабарласып көрдім:

- Біз бассейнді қарап шықтық, әзірге бәрі де көңілден шығып тұр. Алға қарай  мұндай жағымсыз иістер, сондай-ақ, балаларымыздың денсаулығына қауіп болмайды деген үміттеміз, - дейді Эльмира Жақыпова.

Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВ қайта жарақталған бассейнді қарап шықты:

- Жүзушілер ата-аналарының барлық шағымдары бір-екі күнде шешілетін болады. Мен ол жерде болып, көріп қайттым, жөндеу жұмыстары толық жүргізіліп жатыр. 

- Ата-аналардың айтуынша, дене шынықтыру және спорт басқармасы жүзушілердің жарысқа және жиындарға бару сапарларына ақшаны уақытында бөлмейді екен.

- Жоқ олай емес. Біз қаржыны өз уақытында бөліп отырамыз.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

22 шілде 2019, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.