Бүгінде Атырауда орнатылған 759 бейнебақылау камерасының барлығы да қалыпты жұмыс істеп тұр, – деп сендірді «АЖ» сұрауына Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек КӨШЕНОВ. Ал 2020 жылға қарай олардың саны 1533-ке жетпек.
Мұнайлы астана көшелеріндегі, ғимараттар мен аулалардағы камералардан басқа көлік жолдарында жылдамдықты арттырғанды тіркейтін 17 "Кордон-М" радарлық кешені және бағдаршамның тыйым салынған сигналына немесе тоқтау сызығынан асып кеткенді тіркейтін 4 «Авто-Интеллект» ақылды бейнекамерасы жұмыс істеп тұр.
Атырауға кіреберістегі 4 полиция посттары да осындай тіркеу техникаларымен қамтылған еді. Бірақ 1 шілдеден бастап Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың директивасына сәйкес кейін жолдағы учаскелерді бейне және фотобақылауға бейімдеу мақсатында оларды кезең-кезеңмен қысқарту басталды. Әрине, өткен жылдың қыркүйек айында Атырауда пайдалануға берілген бұл бекеттердің құрылысына бюджеттен көп қаражат неге бөлінгені түсініксіздеу, әрине. Десек те, ол бекеттер әлі де жұмыс істеп тұр.
- Қазіргі уақытта Атырау-Орал, Атырау-Индер, Атырау-Ақтау бекеттерін полиция департаментінің балансынан алып, ТКШ басқармасының балансына беру туралы хат жолданды. Осыдан кейін ПД иелігінде тек Котяевка-Рубеж шекаралық бекеті ғана қалады, - деп хабарлады Н.Көшенов.
Өткен жылы 17 "Кордон-М" және 4 ақылды камераның көмегімен 3279 ЖҚЕ бұзушылық тіркеліп, айыппұлдың жалпы сомасы 260 млн теңгені құрады. Жалпы, 2018 жылы ЖҚЕ бұзушылықтарын тіркейтін түрлі құрылғылардың көмегімен барлығы 2 млрд. теңгеге айыппұл салынды. Бас-аяғы осы емес, қазір қалада «Сергек» бейнебақылау жүйесінің ақылды камералары орнатылып жатыр. Енді айыппұл сомасы шамамен жылына 6 миллиардқа дейін өседі деп күтілуде.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор