Биыл облыстық бюджеттен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы аясында бастапқы жарнаны әлеуметтік қолдау үшін 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Әрбір тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 миллион теңгеден артық емес мөлшерде болады. Бұл туралы брифингте Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ мәлімдеді.
Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі жергілікті өкілетті органдардың (мәслихаттардың) шешімдерімен бекітіледі. Бұл тізбеде міндетті түрде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және жергілікті полиция қызметі саласында қызмет етіп жүргендер (сондай ақ, толық емес отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, бұрын «Батыр ана» атағын алған және I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар) болады.
- Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде қанша адам бар?
2019 жылдың 1 шілдесі бойынша 26 985 адам бар. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар - 1459, халықтың әлеуметтік осал топтары - 8534, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлер - 13 964, көпбалалы отбасылар - 2572 және үйі апатты жағдайда деп танылған 456 адам бар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор