Атырау, 24 қараша 15:35
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қанша қу болса да, «Кордон» мен радардан құтылмайды

3 928 просмотра


Армениядан әкелінген автомобильдерді тіркеу мәселесі шешілгенше, Атырау полициясы осы көліктердің ереже бұзған жүргізушілерін жауапкершілікке тарту жолдарын іздестіріп, тауып та жатыр.

Өткен аптада «АЖ» сауалнама жүргізіп, оған қатысқандардың көпшілігі Қазақстанда шетелдік нөмірлері бар көлікті пайдалануға тыйым салуды мақұлдағанын анықтады. Бұл жерде, әрине, әңгіме нөмірлердің өзінде емес, осындай көліктердің жүргізушілері жолда өздерін қалай ұстайтыны турасында. Өзінің жазаланбайтынына әбден сенген олар ережелерді жиі бұзып, апаттық жағдайлар жасайды. Жол полицейлерінің айтуынша, камераға түскен өрескел тәртіп бұзушылықтан кейін немесе әлеуметтік желілерде олардың іс-әрекетіне біреу-міреу шағымданған жағдайда, яғни, «көзге түсіп қалса», бұл көліктер бірнеше аптаға көшелерден «жоғалып кетеді» екен. Барлығы тынышталғанша, әліптің артын бағады.

Бірақ қылмыс жазасыз қалмауы тиіс, сондықтан Атыраудың жол полицейлері бұл жағдайды реттеу жолын тапты. Әрине, бұл түбегейлі өзгеріс әкелмес, сонда да... Нөмірлері шетелдік болса да, әдетте, рульде қазақстандық жүргізуші куәлігі бар Атыраудың тұрғындары отырады ғой. Бейнекамералар шетелдік (көбінде армян) нөмірлері бар көліктің жүргізушісі жол ережесін бұзғанын тіркесе, жол полиция экипаждарына хабарланады. Олар көлікті тоқтатып, жүргізушінің атына хаттама толтырады. Осылайша, жүргізуші мен көліктің деректері «Кордон» жүйесіне қосылған тәртіп бұзушылар базасына енгізіледі. Келесі жолы «Кордон» радарлық кешені тәртіп бұзушыны қатесіз анықтайды және толық деректерін, оның ішінде айыппұл туралы хабарлама жіберетін үйінің мекен жайын да көрсетеді. Сонымен қатар, бұл мәліметтерді жолдағы қозғалыс кезінде жол ережесін бұзғандарды іздеп тауып алатын жылжымалы мобильдік топтың «Ураган» жүйесіне де енгізуге болады. Былтыр Атырауда шетелдік нөмірлері бар көлік жүргізушілеріне қатысты әр түрлі құқық бұзушылықтар үшін 1,5 мыңға жуық хаттама толтырылды.


- Шетелдік нөмірі бар көліктердің жүргізушілері тіркеуден өтпегесін оларды ұстап, жауапкершілікке тарту мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Мысалы, бізде жылдамдық өлшегіштер армян нөмірін таққан бір көліктің 21 рет жылдамдықты асырғанын тіркеген. Ақырында оны тоқтатып, барлық ереже бұзушылықтары үшін айыппұл тағылды. Қомақты қаражат есептелді. Ол бір апта ішінде айыппұлдың жеңілдетілген түрінде 223 мың теңге төледі, – дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.

Айтпақшы, «Кордон» радарлық кешені тек алдыңғы ғана емес, автомобильдердің артқы нөмірлерін де тіркеу мүмкіндігі бар екенін бәрі біле бермейді. Мұны білмеген қазақстандық нөмірмен тіркелген атыраулық таксиші трагикомедиялық жағдайға тап болды. Ол үнемі жылдамдық өлшегіштердің тұсына жақындай бергенде жылдамдықты түсіріп, кейін қасынан өтіп кеткеннен кейін газды «береді» екен. Нәтижесінде жүргізуші ата 13 рет жылдамдықты арттырғаны үшін түбіртек алып, қатты таң қалды. Енді ол құралдың бақылау жолағын кесіп өткеннен кейін кем дегенде 20 метр қашықтықта жылдамдықты көтергенді тіркейтінін білетін болды.  

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

Суретті түсірген Нұрбейбит НҰҒЫМАНОВ

19 шілде 2019, 13:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.