Мінез туралы
Қыс, 2017 жыл.
Бізді Атыраудан қалай этаппен жөнелткенін еш ұмытпаймын. Этап бір айдан аса уақытқа созылды, Атырау-Ақтөбе-Алматы-Қарағанды-Петропавл түрмелері арқылы жеттік.
Әзер дегенде аш-ашулы Петропавл колониясына келдік. Бәрі де фильмдердегідей, «тез-тез, бастарыңды төмен ұста» деп айқайлаған автоматты қарауылдар, абалаған иттер! Форма киген 15 адам күтіп алды, камераға түсіріп жатыр. Тек Макс екеумізді ғана әкелді. Қолымыз басымызда, бүкшиіп отырмыз. Алдымен Максты тұрғызып, өзі туралы, қандай баппен сотталғаны туралы баяндауды талап етті.
Макс өзін таныстырды: "Боқаев Макс Кебенұлы, осындай бап".
Күтіп алғандар Макстан «сотталған Боқаев» деп айтуды талап етті. Макс тағы да тек аты-жөнін айтты. Әлгілер талабын тағы қайталады.
Сол кезде ол «заңсыз сотталған Боқаев Макс» деп жауап берді. Бұл колония басшылығының ашуына тиіп, Максты соттаған олар еместігін айтып, талаптарын орындау керектігін ескертті. Макс олармен жарты сағаттай әңгімелесті.
Ақыр соңында колония басшылығы келісімге келіп, әрі қарай одан өзін «сотталған Боқаев» деп баяндауды талап етпеді. Егер біреулер мұны ұмытып кетіп, осылай атап шақырса, ол «заңсыз сотталған» деп түзетіп отыратын.
Бұл - адамды тура мағынасында боққа батыра салатын абақтыда болған оқиға.
Тек Макс Боқаевтай айтқанынан қайтпайтын өжет адамдар ғана қоғамның, халықтың мүддесін қорғап, билікпен ТЕҢ дәрежеде сөйлесе алады. Мен мұны ұлттық кеңес және сол сияқтыларға қатысты айтып отырмын.
Азаматтық белсенді Талған Аян, Facebook-тегі жеке парақшасынан алынды. 2019 жыл 18 шілде.