ҚР премьер-министрі Асқар МАМИН 17-18 шілдеде Атырау облысына жұмыс сапары барысында мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда болып, жаңа өнеркәсіп нысандарының құрылысымен танысты. Сонымен қатар, жергілікті қамтуды дамыту, мұнай-газ машиналарын жасау және ҚР еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Атап айтқанда, Үкімет басшысы АМӨЗ, «АтырауМұнайМаш» ЖШС, Атырау полиэтилен құбырлары зауытында болып, «Ұлттық өнеркәсіптік мұнай-химия технопаркі» АЭА жұмысымен танысты. «Теңізшевройл» ЖШС жүзеге асыратын Болашақ кеңейту жобасы аясында салынып жатқан Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытында да болды. Зауытта жалпы құрылыс жұмыстары, жер асты коммуникацияларын салу, резервуарларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде, 23 құрама модульдік эстакадалар орнатылған. Екі газтурбиналық генератор мен технологиялық модульді құрастыру аяқталды. Құрылысты 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Әзірге зауыттың құрылыс алаңында 25 мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардың 3300-ге жуық қызметкері жұмыс істейді. Асқар Мамин сондай-ақ Қашаған кен орны мен мұнай өндіру және оның бастапқы сепарациясы жүргізіліп, одан әрі құбыр арқылы «Болашақ» зауытына тасымалданатын D аралын тікұшақтан бақылап өтті.
17 шілдеде кеште ТШО ғимаратында ол мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Негізгі баяндаманы оқыған энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жергілікті қамтуды дамытудың негізгі жолы – отандық компаниялардың қызметтері мен тауарларын сатып алуды ұлғайту. 2018 жылы үш ірі оператор - ТШО, КПО және НКОК компаниялары - 245 млрд. теңгеге тауарлар импорттады, ал жергілікті тауарларды тек 19 млрд. теңгеге сатып алған, бұл 7,3 пайыз ғана. Басқа жобаларда жергілікті қамту 38 пайызды құрады. 3 ірі жобадағы тауарларды сатып алу көлемі барлық мұнай-газ секторының 50 пайызын құрайтынын ескере отырып, министр қазақстандық тауарлардың, оның ішінде машина жасау өнімдерінің көрсеткіштері үшін өсудің негізгі әлеуеті мұнай-газ саласында шоғырланған деп есептейді. Бозымбаев сондай-ақ мұнай-газ машиналарын жасау үшін құрал-жабдықтардың бірегей өндірушілеріне де тоқталды. Осы саланы дамыту мақсатында барлық 3 оператор мен отандық өндірушілердің қатысуымен жұмыс тобы құрылды, 2019-2025 жылдарға арналған құны 58 млрд. теңгеге іс-шаралар жоспары әзірленді. Операторлардың талаптарына сәйкес өнім шығаруға мүдделі 18 отандық кәсіпорын анықталды. Импортты ішінара алмастыру резервтерінің бірі тауарды түпнұсқа түрінде өндіретін өндірушінің өнімін оқшаулау болып табылады. Министрліктің болжамына сәйкес, үш оператордың 10 жыл бойына өнім сатып алуының жиынтық болжамы 1,7 млрд.долларды құрайды. Бірегей өндірушілер жергілікті кәсіпорындарды өздері немесе жергілікті серіктестермен бірлесіп құра алады. НКОК компаниясы өндірісті оқшаулау бойынша 20 меморандумға қол қойды, тағы 55-іне қол қою жоспарлануда. Осындай жұмыстарды ҚПО және ТШО да жүргізіп отыр.
Бұл бағытта ірі операторларға қажетті тауарларға кеден бажы мен ҚҚС төлеуден жергілікті өндірушілерді босату әсерлі қадам болуы мүмкін деп есептейді министр. Ол сондай-ақ еңбек ақы төлемін де елеулі мәселе екенін атап өтті. Операторларға отандық және шетелдік мамандардың жалақысын салыстыра отырып, еңбекақы мәселесін пысықтау қажет екендігі туралы әңгіме болды.
Теңіздегі Болашақ кеңейту жобасы ерекше технологиялық күрделілігімен, жоғары қауіпсіздік талаптарымен, үлкен жұмыс көлемімен және қомақты еңбек ресурстарын тартумен ерекшеленеді. БКЖ бірнеше жылдан кейін Теңіздің өндіру көлемін жылына 12 млн. тоннадан астамға өсуін қамтамасыз етеді. Бүгінде жоба үшінші буын зауытын, қабатқа шикі газды айдау зауытын, газтурбиналық электр станциясын, ТШО-ның барлық кешенін өз энергиясымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станциясының құрылысын, сондай-ақ сағалық қысымды басқару үшін 125 жаңа ұңғыманы бұрғылауды қамтиды. БКЖ-сын іске асыруға 53 мың қызметкер жұмысқа тартылды, оның ішінде 48 мыңы жергілікті және 5 мыңы шетелдік мамандар. Сонымен қатар 23 мердігерлік және 25 қосалқы мердігерлік мекеме жұмыс істейді.
- Білікті шетелдік мамандардың қажеттілігі бар, бірақ квотамен шектеледі, - деп атап өтті Бозымбаев. - Қазіргі жағдайда операторлар елеулі айырмашылық болмас үшін мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардағы жалақыға талдау жүргізуі қажет. Қазір қосалқы мердігердің қызметкерлері мердігердің қызметкерлеріне қарағанда аз алады және олардың еңбек жағдайлары нашар деген фактілер орын алып отыр. Бұл жұмысты қысқа мерзімде жүргізу керек.
НКОК басқарушы директорының орынбасары Ермек МАРАБАЕВ компанияның жергілікті қамтудың 2018 жылғы көрсеткіштерін айтып өтті. Тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жергілікті қамту үлесі 43,4 пайызды (424 млн. доллар) құрап отыр. Оның пікірінше, Қазақстанның машина жасаушылар Одағымен бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты тапсырыстарды жергілікті компанияларда орналастыру болып табылады. Бастапқы кезеңде 12 тауар санаты бойынша 26 тауар өндірушілердің өнімімен таныстыру жұмысы ұйымдастырылды. Техникалық мүмкіндіктерді анықтау үшін еліміздің әр өңірінде орналасқан осы кәсіпорындарға сапарлар ұйымдастырылды. Жұмыс барысында бірқатар кәсіпорындар Американдық инженер-механиктер қоғамының және американдық мұнай институтының стандарттары бойынша сертификатталуға қол жеткізді. Олардың қатарында «КазТурбоРемонт» ЖШС, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «КазАрматура» ЖШС-тері бар, ал «АтырауМұнайМаш» ЖШС өз кезегін күтуде. Осы бағыттағы жұмысты қарқынды жүргізу үшін қазір тендерді ерте жариялауды енгізу, пилоттық тапсырыстарды орналастыру үшін мүмкіндіктер іздестіру сияқты жаңа келісімшарттық мәмілелердің тетіктері пысықталуда. Белгілі нәтижелер де байқалады. Атап айтқанда, жақында күрделі жөндеу үшін НКОК «Бемер Арматурен Қазақстан» ЖШС-нің бірқатар крандарына тапсырыс берді. Қазір НКОК сол жерде - клапандар жасатуға жаңа тапсырыс орналастырады.
- Жергілікті қамтуды енгізу шеңберінде бірнеше мәселе анықталды. Біріншісі -жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуі. Бұл сәйкессіздікті жою қажет. Екіншісі - үш оператордың тапсырыстарының өз жеке талаптары бар: олардың әрқайсысы бірлескен тапсырысты орналастыруға болатынын ескермей, өз талаптарына сай рәсімдеп, сатып алады. Үшіншіден, біздің машина жасаушыларды жобалау кезеңінде тартпайды екенбіз, – деп атап өтті Е. Марабаев.
Ел аумағында бірегей өндірісті оқшаулауға келетін болсақ, оның пікірінше, бұл жерде бәрі ноу-хау үшін тәуекелге келіп тіреледі. Бірегей өндірушілер өз технологияларының құпияларын таратуға жол бергісі келмейді, және бұл қауіп туралы олармен бірлескен кездесулерде естіліп жатады.
- Сондай-ақ инвестициялық тартымдылық мәселесі де бар. Біздің жобаларымыз тауарлар импортына белгілі бір салықтық жеңілдіктер қарастырылған ӨБК-ге байланысты. Ал егер біз осы тауарларды осында өндіре бастасақ... – деп жалғастырған Марабаевты премьер-министр бұл тақырыпты ашық айтқызбай, тоқтатып тастады: - Бұл мәселе қазір емес.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ