Күрдістан автономиясының әкімшілік орталығы Эрбилде белгісіз біреу түрік дипломаттары отырған мейрамханаға шабуыл жасап, оқиға салдарынан екі адам қаза тапқан. Оның бірі Эрбилдегі Түркия елшілігінде істеген. Бұл ақпаратты жергілікті билік дерегіне сүйенген Reuters агенттігі хабарлады. Шабуылдаушы тез жасырынып үлгерген.
Түркияның сыртқы істер министрлігі оқиға кезінде бір түрік дипломатының қаза тапқанын растады. Жергілікті қауіпсіздік қызметі бастапқыда Түркия елшісінің орынбасары қайтыс болды деп хабарлаған. Бірақ бұл ақпарат расталмады.
Әзірге шабуылға байланысты бірде-бір ұйым мәлімдеме жасамады. Түркия билігі және Күрдістан автономиялық әкімшілігі "Күрдістан жұмысшылар партиясын" (КЖП) кінәлады.
Бұл ұйымның елде жұмыс істеуіне ресми түрде тыйым салынған. Ресей, Түркия, АҚШ, Еуроодақ елдерінде террористік ұйым ретінде танылғанмен Парижде партия еркін жұмыс істеп жатыр. Түркия билігі елдің оңтүстік-шығысындағы әскери шабуылдарға осы ұйым кінәлі деп есептейді. 2014 және 2015 жылдары елде болған ірі терактілерді де КЖП-дан көреді.
Анкара Сирияның солтүстігін бақылауына алған күрдтердің қарулы жасақтарын "Күрдістан жұмысшылар партиясының" бір бөлігі деп санайды. Түркия Эрбилдегі Күрдістан автономиясының тәуелсіздігін мойындайды және онда тыйым салынған "Күрдістан жұмысшылар партиясының" мүшелерін ұстау бойынша тұрақты түрде операциялар жүргізіп отырады.
Reuters-дің жазуынша, Сирия мен Түркияның оңтүстік-шығысы, Ирактың қалған бөлігімен салыстырғанда Күрдістанда шабуылдар сирек болады.
Дереккөз: azattyq.org