Атырау, 24 қараша 14:24
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Денсаулық басқармасының өз әлемі немесе «бұзық телефон» ойыны

3 858 просмотра


Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен хат алмасып, эпистолярлық қарым-қатынас жүргізгеннен кейін біз олардан бөлек басқа бір әлемде өмір сүріп жатырмыз-ау деген пайымға келдім. Біз және оқырмандарымыз тұратын әлемде дәрігерлер, тегін дәрі-дәрмектер жетіспейді, салалық маманға қаралу үшін алдын ала жазылсаң да, кезекті апталап күту керек. Ал Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жазбаша жауаптарында Грециядағы сияқты: бәрі бар. Жергілікті емханалар салалық мамандармен толық қамтылған, барлық препараттар жеткілікті, ешқандай дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ.

Баспасөз қызметі, менің ойымша, журналистер мен түрлі ведомстволардың мамандары арасындағы қарым-қатынасты оңалту үшін ойластырылған қызмет түрі. Яғни, біздерге тұрғындарды толғандырған сұрақтар бойынша тез және кедергісіз жауап алу үшін қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары мен журналистер арасындағы қарым-қатынас аясы бүгінгі таңда мейлінше тарылды, дәлірек айтқанда, байланыс жасауға еш қауқарсыз қызметкер, облыстық департаменттің баспасөз хатшысы Аманжол САҒЫНҒАЛИЕВКЕ ғана жолыға аламыз. Осы жақында ғана мен еш кедергісіз басқарма басшысына, оның орынбасарына, облыстық терапевт, педиатр, дәрі-дәрмек бөлімінің бастығына телефон арқылы хабарласып, ақпарат алып жүрдім.  Маманға жеке хабарласқан кезде ғана сұрақтарыңа нақты жауап алып, тақырыпты толық ашуға мүмкіндік болады. Әрине, кейде өзара түсініспеушіліктер де орын алатын. Біздің жариялаған ақпаратқа реніш білдіріп жатады. Пікірталас болады. Бірақ, бұл тікелей, жақын қарым-қатынас еді.  Ал, қазір маған және әріптестеріме де баспасөз қызметіне жүгінуімізді өтініп, мамандар ақпарат беруден бас тартады. Амалсыз, баспасөз қызметіне хат жазасың, оның жауабын апталап күтесің. Соңында мардымсыз жауап аласың. Бұл баяғы «бұзылған телефон» ойынын еске түсіреді. «Бас» десең, «құлақ» дейді, яғни сұрағыңа мүлдем басқа жауап аласың. Құр сөзден гөрі мысал ретінде сіздермен соңғы жолдаған сауалым мен оған келген жауаппен бөлісейін.

Редакцияға Мария КОСТЕНКО хабарласты. Әйел Балықшыда тұрады және №4 емханада қаралады. 79 жаста, 45 жылдан бері демікпемен ауырады. Сонымен қатар, гипертония және инсульт ауруына шалдыққан. Оған эндокринолог, кардиолог, невропатолог сияқты салалық мамандардың көмегі қажет. Бұл әйелдің емханаға барып-келуіне денсаулығы жарамағандықтан, дәрігерлердің үйден қарап кетуін өтінеді. Тіпті, жол ақысын өзі төлеуге де дайын екен. Бірақ олар оған үйден дәрігерлік кеңес беруден бас тартады. Сондай-ақ, егде жастағы науқас оған дәрі-дәрмектің де толық көлемде берілмейтініне шағымданды.

«Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі менің пост пікіріме қарағанда, Мария Костенконың шағымдары жеке жағдай емес, өте кең таралған мәселе. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығына хат жазып, бірнеше сұрақтар жолдадым. Облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары М.ӨТЕШЕВТІҢ қолы қойылған жауапты мұқият зерделеп, сұрақтар мен жауаптар орындарымен ауысып кеткенін байқадым, бірақ бұл маңызды емес. Ең бастысы, олардың көп сұраққа назар аудармағаны анық байқалады. Сұрақтар мен жауаптарды салыстырып, реттесем де нақты жауап таба алмадым. Мысалы:

- Пациенттер емханалардағы салалық мамандардың жетіспеушілігіне шағымданады. Атап айтқанда, №4 емханадағы невропатолог күніне небәрі 1  сағат қабылдайды. Қазір бізде қай емханаларда қандай дәрігер-мамандар жетіспейді?

- Емханалардың салалық мамандармен қамтамасыз етілуі 100%-ды құрайды. Кардиолог, эндокринолог, невропатолог, хирург, офтальмолог, отоларинголог, инфекционист, уролог дәрігерлері күніне 8 сағаттан қабылдау жүргізеді.

- Олар (жоғарыда көрсетілген пациенттер) емхананың тағы қандай қызмет түрлерін пайдалануға құқылы: үйден зертханалық және аппараттық тексеру жасата ала ма? Емхананың медициналық көлігін үйге шақыртып, дәрігерлер науқастарды қосымша үйден қарауға мүмкіндігі бар ма?

- Үйдегі науқастар зертханалық тексертуге, ЭКГ және қосымша тексеру жүргізу үшін емхана көлігін шақыртуға құқылы.

- Созылмалы гипертония, қант диабеті, астма және бүйректерін ауыстырған науқастарға бүгінде қандай дәрі-дәрмектер беріліп жатыр?

- «Д» есебінде тұрған тұлғаларға ҚР ДМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес дәрі-дәрмектер беріледі.

Бұл жауаптан сіздер бір нәрсе түсіндіңіздер ме? Мен де түсінген жоқпын.

- Осы жағдайды пайдалана отырып, мүгедектердің, оның ішінде мүгедек-балалардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі қалай жүргізіліп жатқанын білсем деймін.

- Мүгедектермен, мүгедек-балалар барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

- Пациенттерге барлық дәрі-дәрмек толық көлемде беріліп жатыр ма? Дәрілердің жетіспеушілігі бар ма, бар болса, оның себебі неде?

- Барлық дәрі-дәрмектер толық көлемде беріліп жатыр. Дәл қазіргі сәтте дәрілердің жетіспеушілігі жоқ, «СК Фармация» ЖШС-нен кесте бойынша толық көлемде жеткізіліп отыр.   

- Соңғы уақыттарда біздің медицинада көптеген өзгерістер болып жатыр. Емханалар штатында жаңа мамандар, атап айтқанда, психологтар жұмыс істей бастаған. Біздің емханаларда геронтологтар бар ма? Облыста геронтолог мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып отыр ма? - Емханалар штатында психолог және геронтолог-дәрігер бар. Облыс бойынша 9 геронтолог-дәрігер жұмыс істейді. 2018 жылы 8 жалпы практика дәрігері ( ЖПД), 1 терапевт және 10 мейірбике «Қарт және егде жастағы науқастарды оңтайландыру және күту ерекшеліктері» тақырыбы бойынша оқытылып, сертификат алып шықты. Егде жастағы адамдар үшін медициналық тексерулер, «ашық есік» күндері, скрингтік тексерулер, дәрістер, жастармен кездесулер өткізіледі.   

Менің сұраныстарымның жалғыз жағымды нәтижесі қарт әйелдің мәселесі шешілгені болды. Біздің хатымыздан кейін әжейге салалық мамандар келіп, тексеріп, тіпті, анализ алып кетіпті. 

...Қалған сұрақтар жауапсыз қалды. Дегенмен мен сол сауалдарды материал жарияланғаннан соң да жауап алармын деген үмітпен төменде көрсетіп отырмын.

- Мамандардың жетіспеушілігі қалай шешіліп отыр: учаскелік дәрігерлер облыстық КДО жіберсе, басқалары қала емханаларына жолдайды. Немесе, 1 маман бірнеше емханаларда кезекпен жұмыс істей ме, айталық, түске дейін бір емханада болса, түстен кейін басқа емханада? Атырауда осыған ұқсас жағдайлар бар ма? 

- Науқастардың үйіне бару салалық мамандардың міндетіне кіре ме? Пациенттердің қандай санаты салалық мамандарды үйіне шақырту құқығына ие? Егде жастағы адамдар қай жастан басталады? Жүрегіне ота жасатқан және бүйректерін ауыстырған  науқастар шақыра ала ма?

- Біздің облысымызда геронтологтар үшін жұмыс аясы кең бе? Түрлі мамандарда қанша егде жастағы адамдар диспансерлік есепте тұр? Бұл мәселені шешуге жергілікті ҮЕҰ, әлеуметтік кәсіпкерлерді тарту жоспарда бар ма және мүмкін бе? Егер мен ұмытпасам, 2015 жылы наурызда ұлттық экономика министрлігі жанынан әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді азаматтық қоғамдық институттарға олардың дайындық шамасына қарай беру жөніндегі мәселелер бойынша жұмысшы тобы құрылған болатын. Осы ұсыныспен сіздер біздің ҮЕҰ шығып көрдіңіздер ме, бәлкім, олардың өздері де хабарласқан болар? 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

16 шілде 2019, 13:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.