Атырау, 24 қараша 14:16
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жарты ғасырлық үйлердегі қоныстой

Сурет
4 353 просмотра


Махамбет ауданы бойынша 853 адам баспана кезегінде тұрса, оның 353-і халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтар, 150-і көп балалы отбасылар, 37-і жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, 294-і бюджеттік қызметкерлер, ал 19-ы үйлері апатты деп танылғандар. Жергілікті билік осы мәселені шешу үшін жаңа үйлер салумен бірге бюджет қаржысына бұрын пайдаланылған, ескі үйлерді сатып алып, тұрғындарға кейін сатып алу құқығымен жалға беруді қолға алған.

Аудан орталығы Махамбет ауылдық округінде 2007-2019 жылдар аралығында жеке меншіктен осындай 62 үй сатып алынған. Бұлар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген жас мамандарға және тұрғын үй кезегінде тұрғандарға берілген. Енді осы сатып алынған үйлердің жай-күйіне оралайық. Мысалы, 2017 жылы сатып алынған 1948 жылғы үйдің (68,1 шаршы метр) баланстық құны 5 млн теңге деп бағаланса, 1954 жылы салынған үй  (94 шаршы метр) 3 млн 490 теңгеге алынған. Бұл үйлердің қазіргі күйін арнайы комиссия «жөндеу қажет етіледі» деп бағалаған. Ал 2009-2010 жылдарда 1 685 000 теңгеге бағаланған 1960 жылғы (47,1 шаршы метр) үй мен 3 млн 380 мың теңгеге алынған 1984 жылғы (87,3 шаршы метр) үй қазір апаттық деп танылған. Яғни, сатып алынған 62 үйдің 32-сіне жөндеу жүргізу керек, екеуі – апаттық. Тек биыл сатып алынған жеті үйдің ғана жай-күйі «жақсы» деп бағаланыпты.

- Бұл үйлер біздің баланста тұрғандықтан, үйлердің жай-күйін бақылап отырамыз. Негізі жеңіл жөндеуді алушының өзі жасауы керек. Егер күрделі жөндеуді қажет ететіндері болса, онда оны біз бюджет қаржысымен жөндей аламыз, - дейді Махамбет ауылдық округінің әкімі Басерат МЫҢБАЕВ.

- Тұрғын үйді сатып алуда оның функционалдық, техникалық, сапалық жағына мән берілу керек. Алайда барлық сатып алынған үйлер өз бағасына тұрмайды. Адамдар амал жоқ алып жатыр, себебі салынып жатырған жаңа үйлер аз, - дейді осы үйлердің бірінің тұрғыны.

Айтөре НҰРШАНОВ

Ал төрт баласы бар Айтөре НҰРШАНОВҚА аз қамтылған отбасы ретінде Махамбет ауылдық округі әкімінің 2015 жылғы №108 шешімімен жалпы ауданы 46,8 шаршы метр болатын үй берілді. 1957 жылы салынған үй  2 млн 500 мың теңгеге бағаланған екен.

- Жолдасым да, өзім де туберкулез ауруына ұшырағанбыз. Әбден үй жалдап шаршаған соң, біз үй алуды ұйғардық, бірақ мұнда тұру мүмкін емес. Қабырғалары ылғал тартып, сыздың иісі мұрын жарады, - дейді Айтөре.

Үй берілерде Айтөре мен ауылдық округ арасында жасалған келісімшартта «...жөндеу жұмыстарын жасау қажет. Жылу жүйелері істен шыққан» деп көрсетілген. Содан бері төрт жыл өтсе де, әкімдік жыл сайын жөндеп беруге уәде етіп келеді. Сыз үйде тұру денсаулықтарына зиян болғандықтан, қазір бұл отбасы басқа пәтер жалдап тұрып жатыр. Өздері тұрмаса да, үкімет берген үйдің жалдау ақысын да төлеп жүр екен.

- Бізге сатып алыңдар, тұрмасаңдар, сот арқылы үйден шығарамыз деген хат та келді. Оны қалай сатып аламыз, қалдық құны - 2 млн 333 мың теңге. Маған басқа үй тауып берсін. Өмір бойы төлесем де өтеймін, - дейді А. Нұршанов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

16 шілде 2019, 09:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.