Ресейдің С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алғаны үшін АҚШ таяу күндері Түркияға қарсы санкция салмақ. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметіне қарағанда, президент Дональд Трамптың кеңесшілер тобы санкциялардың үш түрін әзірлеген. АҚШ президенті олардың бірін бекітпек. Әзірге санкцияларда қандай шаралар бар екені құпия.
АҚШ-тың НАТО бойынша әріптесі болған Түркия 12 шілдеден бастап Ресейдің С-400 зениттік зымыран жүйесін сатып ала бастағаны хабарланған. Вашингтон ресейлік қару-жарақ Пентагонның қымбат тұратын жобалары үшін қауіп келтіретінін айтады.
Түркия 2,5 миллиард долларға С-400 кешенін сатып алу туралы Ресеймен 2017 жылы келісімге келген. Осыдан кейін Вашингтон Анкараға бесінші буынның F-35 әскери ұшақтарын сатудан бас тартқан.
Дереккөз: Abai.kz