Бүгін, 12 шілдеде Атырауда Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні тойланды. Мерекелік шара дәстүр бойынша таңғы 6:30-да орталық көпір маңында Жайықтан әуесқой балық аулаудан басталды. Ал 9:30-да «Атырау» шипажайы тұсындағы жағалауда бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өзенге жіберу рәсімі өтті.
Бұл шаралардан кейін Қ. Смағұлов аллеясында арқан тартыс, армрестлинг, қазақ күресі және шахматтан сайыстар өтті. Көрермендердің ерекше қызығушылығын сала қызметкерлерінің уақытқа балықтың қабыршағын ашу жарысы тудырды. Үш минутта 4 сазан аршыған «Тілекші» ЖШС қызметкері Дина ТҮЙМЕШОВА жеңімпаз атанды.
Мерекелік шаралар барысында балық саласында 33 жылдан бері жұмыс істейтін «Тілекші» ЖШС технологы Жанна ГАЙСИНАДАН бал татыған балық сорпасын дайындау жолын сұрадым. Ол қуана білгенімен бөлісті:
- Ең алдымен жаңа ауланған балғын балық керек, мұздатқышта қатқан балықтың сорпасы аса дәмді болмайды. Қазанға құйылатын судың да маңызы бар – су балықтан сәл асып тұруы қажет. Сорпа нәрлі болу үшін екі рет қайнатқан дұрыс: бір салған балық езіліп піскеннен соң, түсіріп алып, сол сорпаға тағы шикі балық салып қайнатады. Қазір түрлі дәмдеуіштер бар, бірақ балық сорпасына тұз бен бұрышты ғана пайдалану керек.
Балықшылар тойы Тұрғындар қалашығы жағалауынан қозғалған кемелердің шипажай тұсына дейін жүрген шеруімен қорытындыланды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор