ЖЕКПЕ-ЖЕК
6 шілдеде Нұр-Сұлтанда жекпе-жек өнерінің фестивалі өтті. Рингте ММА-ның, грэпплингтің, тай боксының және т.б. спорт түрлерінің 300-ге тарта әлемдік деңгейдегі палуандары кездесті.
Атыраулық кәсіпқой спортшылар да жекпе-жек өткізді. Панкратионда ел намысын әлем чемпионы Жангелді Жалғасұлы қорғады. Ол ұпай бойынша венгриялық бәсекелесінен үстем түсті.
Муай-тайдан Бүкіләлемдік ойындар чемпионы, доссорлық Еламан Саясатов (суретте сол жақта) 5 раундтық жекпе-жекте таиландтық әлем чемпионын жеңді. Атыраудағы кикбоксинг мектебінің жеңісі 5 раундтық Абзал Дүсіповтің польшалық әлем чемпионымен шыққан жекпе-жегімен аяқталды. Бұл Абзалдың кәсіпқой спорттағы 11-ші жеңісі.
ДЗЮДО
АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында парадзюдодан рейтингтік турнир өтті. Онда ҚР құрамасындағы атыраулық екі спортшы табысқа жетті.
Дәулет Теміржан 73 келіге дейінгі салмақта екінші орын, Әнуар Сариев 60 келіге дейінгі салмақта қола алқа иеленді. Спортшыларды Жандос Қиянов пен Наран Ешімбаев жаттықтырады. Парадзюдодан 2019 жылғы Азия чемпионатын Атырауда өткізу жоспарланып отыр.
ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС
Қырғыздың Шолпан-Ата қаласында Азия чемпионаты өтті.
75 келіге дейінгі салмақта спортшы Эльдар Мұхитов Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан өкілдерін жеңіп, финалдық жекпе-жекте ҚР құрамасындағы серігінен ұтылды. Нәтижесінде күміс алқаға қол жеткізді.
КҮРЕС
Нұр-Сұлтанда жастар арасында еркін күрестен Азия чемпионаты өтті. Атыраулық спортшылар да жақсы нәтижеге қол жеткізді.
48 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Базарбаев алдын ала шеңберде кореялық бәсекелесін ұтып, жартылай финалда моңғол спортшысынан басым түсті. Бірақ шешуші жекпе-жекте ирандық спортшыға есе жіберіп алды. Бекзат Аманғали да 80 келіге дейінгі салмақта осындай жолдан өтті: алғашқы шеңберде қырғыз споршысын, жартылай финалда корей спортшысын жеңіп, финалда Иран өкілінен ұтылды. Нәтижесінде екеуі де күміс алқа алды.
Нұрдәулет пен Бекзат Құлсарыдағы еркін күрес мектебінің шәкірттері. Оларды жаттықтырушылары Нұрлан Әлжанов пен Айдос Лекеров.
КАРАТЭ
Хорватиялық Умаг қаласында WTF каратэ бойынша халықаралық "YOUTH LEAGUE" турнирі өтті. ҚР жасөспірімдер құрамасы бұл жерде 2 алтын, 1 күміс және 1 қола алқа алды.
Команда қоржынына атыраулық спортшы Әбілмансұр Батырғали күміс алқа салды. 16-17 жас тобында 68 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ол 6 жекпе жекте жеңіске жетіп, тек финалда черногорлық бәсекелесіне есе жіберді. Нәтижесінде күміс алқаны місе тұтты. Жақында ғана Әбілмансұрдың халықаралық "KAZAKHSTAN OPEN" турнирінің жеңімпазы атанғанын атап өткен жөн.
ЖЕКПЕ-ЖЕК
Орал қаласында өткен ел чемпионатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі Нұрбек Отар алтын алқа иеленіп, әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.
65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек 2 жекпе-жекте мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, қалған 2 жекпе-жекте ұпай бойынша бәсекелестерінен басым түсті. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, Нұрбек Отар қоян-қолтық ұрыс, сондай-ақ, әскери қоян-қолтық ұрыс бойынша ҚР чемпионы. Аралас жекпе-жектерде де тамаша табыстарға қол жеткізіп жүр.