Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында 40 жыл бұрын салынған 120 орындық «Арай» жазғы лагері өткен жылдан бері жабық тұр. Бұрын «Ембімұнайгаз» АҚ-тың балансында болған аудан балаларына арналған демалыс орны 2003 жылы қасындағы алма бағымен бірге ауылдағы Қ. Қалыбеков атындағы мектепке беріледі. Алайда мектеп барынша күш салғанымен, лагерьді күтіп ұстау оңайға соқпады.
2017 жылы лагерді күрделі жөндеу үшін конкурс өткізіліп, шымкенттік «ЭксрессСтрой» ЖШС-і ұтып алған болатын. Келісімшарт бойынша мердігер күрделі жөндеуді 2018 жылдың шілдесінде бастап, 2019 жылдың 30 наурызында бітіруі керек еді. Бұған бюджеттен 282 млн теңге қаралды. Айта кету керек, бұл серіктестік өткен жылы Құрманғазы ауданындағы үш мектептің жөндеуін дер кезінде аяқтай алмай, тастап кеткен болатын. Енді оған жазғы лагерь қосылды.
Мектеп басшылығы мұны мердігердің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан болды деп есептейді. Мердігердің бірде-бір техникасы болмаған, жұмыс күші жетпеген. Соның салдарынан бар болғаны 26 млн теңгенің ғана жұмысын атқара алыпты.
- Атқарылған жұмыстардың ақшасы ғана төленіп, қалған қаржы өткен жылдың аяғында игерілмеген қаржы ретінде облысқа кері қайтарылды,- дейді Қ. Қалыбеков атындағы мектеп директорының м. а. Райса ӘЛДЕШОВА. - Біз мердігерді жосықсыз деп тану жөнінде аудандық сотқа бердік. Алайда ол Құрманғазы ауданындағы мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты осылай жазаланған екен.
-Енді лагердің күрделі жөндеу жұмысы қайта жанданады ма?
- Иә, қайтадан тендерлік конкурс ұйымдастырылып, оны атыраулық «ГаммаС» ЖШС ұтып алды. Олар күрделі жөндеу жұмысын сегіз айда бітіріп беруі тиіс. Лагердің қоршауынан бастап, ауласын жарықтандыру, абаттандыру, ғимараттың сыртын қаптау және ішін толық жөндеуден өткізу, жылу жүйесін жүргізу осы қаржының ішіне кіріп отыр. Егер мердігер өз жұмысын толық атқара алса, онда келесі жылы лагерді ашуға мүмкіндік туады деп отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор