Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мамыр айында Атырау қаласының іргесіндегі ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Жақында қалашықта БАҚ өкілдеріне арнап пресс тур ұйымдастырып, қазба жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.
Ақтөбе-Лаэти Томарлы селосынан 2 шақырым жерде, «Жұлдыз-3» мөлтек ауданы маңында орналасқан. Өзге ортағасырлық қалалармен салыстырғанда, әртүрлі бағыттағы цехтар орналасқан өндірістік қала ретінде ерекшеленеді. Онда қыштан, темірден, сүйектен тұрмыстық заттар мен бұйымдар жасалып, оны Ұлы Жібек жолының сауда керуендері сатып алып отырған.
Қазба жұмыстарына тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат ҚАСЕНОВ пен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида ХАРИПОВА жетекшілік етуде. Қазіргі уақытта қазба аймағынан тандыр және темір балқыту пештері, құйылмалы қалыптардың орны, қыш ыдыстардың сынықтары көптеп табылды.
Қазба жұмыстары 15 шілдеге дейін жалғасып, жәдігерлер облыстық тарихи өлкетану музейіне қойылады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынды