Атырау, 24 қараша 15:57
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қағаз көшірменің ақыры және куәлік алудың қиындығы

Сурет
3 254 просмотра


2018 жылы Полиция департаментінде 9671 жүргізуші куәлігі берілсе, өткен жылдың желтоқсан айында Атырауда автокөлік иелері үшін ашылған арнайы ХҚКО-да биыл 33-і ғана берілген. Арасы жер мен көктей болған осы екі сан және орталықтың басқа да қызметтері туралы «“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау филиалының директоры Мұса ХАЙРУЛЛИЕВПЕН болған сұхбатта айтылды.


Мұса ХАЙРУЛЛИЕВ


"БОЛАШАҚТА ҚҰЖАТТАР КӨШІРМЕСІ ҚАЖЕТ БОЛМАЙДЫ»

- ҚР Үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес, елімізде 742 мемлекеттік қызмет тіркелсе, оның 634-і ХҚКО арқылы көрсетіледі. Осыдан-ақ біздегі жұмыстың көлемін айтпасақ та, үлкен екенін білуге болады, - дейді М. Хайруллиев. - Осы қызметтердің 531 түрін электронды сандық қолтаңба (ЭСҚ) арқылы алуға болады. Жыл басынан бері Атырау облысында ХҚКО 538 мыңнан астам қызмет көрсетілсе, соның ішінде 240 мыңнан астам (45%) құжат электронды түрде берілген.



- Кейбір тұрғындар орталықтан бір қолтаңба алу үшін сағаттап күтуге тура келетініне шағымданады. Өйткені базада техникалық ақау үнемі орын алады.  

- Қазіргі таңда облыс бойынша жеке және заңды тұлғаларға 500 мыңнан астам ЭСҚ берілді. Бұл көрсеткіш жыл санап артуда. Мәселен, жыл басынан бері 99 505 тұрғын ЭСҚ алып, анықтамаларын үйден шығарып отыр. Айта кету керек, жеке куәлікке ЭСҚ 3 жылға беріледі және электрондық үкімет порталынан ХҚКО келмей-ақ мерзімін ұзартуға болады. Базадағы техникалық ақаулар жөнінде шағымдар көп түсетінін жасырмаймын. Осыған қатысты жұмыстар жасап жатырмыз.



- Бір залда неше оператор болуы керек? Қызметті тез көрсету осыған байланысты емес пе?

- Бір залда нақты болуға тиіс мамандар саны реттелмеген. Залдағы оператор саны – бөлімнің орналасқан жеріне, келетін халық санына байланысты болады. Сонымен қатар, біздің орталықтарда өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ашылды. Яғни тұрғын келіп, компьютерге отырып, керек анықтамасын шығарып алады.

- Орталыққа келетін тұрғындар ксерокопия, сканер қызметтері ақылы екендігіне  шағымданады. Бұл қызметтерді тегін қылу жоспарда жоқ па?

- Бұл қызметтер жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа отыру арқылы қолжетімді бағада көрсетіледі. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа ауысуы қарқынды жүруіне байланысты, болашақта жеке тұлғаға қажетті ақпараттардың барлығы электрондық жүйе арқылы қолжетімді болып, құжаттардың көшірмелерінің қажеті болмауы әбден мүмкін.



«ШАҒЫМДАНУҒА БОЛАДЫ, БІРАҚ ЕМТИХАН ТАПСЫРҒАН ЖАҚСЫ»

- Өткен жылдың желтоқсан айында мамандырылған ХҚКО ашылған болатын. Қазір жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Қойылған мақсаттардың барлығы да жүзеге асырылып жатыр. Орталықта мемлекеттік корпорацияның 32 қызметкері жұмыс істейді. Жыл басынан бері 40 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Оның – 32 мыңға жуығы құжаттарды қайта тіркеу.



- Тұрғындар жүргізуші куәлігін алуда қиындықтар көп екенін айтады...

- Сіз кімді меңзеп отырғаныңызды білемін. Ол азаматша біздің үстімізден облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа, министр Асқар Жұмағалиевқа шағым түсірген болатын. Кейін арнайы комиссия құрып, практикалық емтихан тапсыртқыздық. Айта кету керек, осыған дейін ол бірнеше рет сынақтан сүрінген болатын. Комиссия көзінше де сынақтан сүрінді. Ондай кісіге үстімізден арыз жазды екен деп жүргізуші куәлігін қалай беремін? Ертең сіз бен менің баламды қағып өлтіреді ғой! Бір азамат болды, 4 рет құлап, дайындалып, куәлігін алды. Теориялық және практикалық емтихан тапсырған адамдардың ішінде тек 33 қызметті алушы барлық емтиханнан өтіп, жүргізуші куәлігін алған.

- Тек 33-і ме?

- Иә, тек қана 33! 131 адам практикалық емтиханнан сүрінсе, 2424-і теориялық емтиханды тапсыра алмаған... Тағы бір жаңалық: ІІМ осы жылдың 1 шілдесінен тіркеу-емтихан бөлімін алып тастайды, енді сынақтарды халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қабылдайтын болады. Бұл өз кезегінде коррупцияны болдырмауы керек. Сонымен қатар көлікті тіркеу мен рәсімдеу қызметтері де ХҚКО операторларының құзырында болмақ. Бұл жүйеге біздің қызметкерлер дайын. Сол себепті әуре-сарсаң болмайды деп ойлаймын.




ЕМТИХАН КЕЗІНДЕ КӨЛІКТІ СОҚТЫ

Сұхбат барысында Мұса Хайруллиев «АЖ» тілшісіне МХҚКО базасында жүргізуші куәлігін алу процесімен таныстырды. Жүргізуші куәлігін жаңадан алатын болсаңыз – құжаттармен қоса медициналық тексерістен өтесіз. Ескере кететін жәйт, өткен жылдан бастап медициналық құжаттар тегін беріледі. «А» және «В» категорияларын алу үшін автомектепте оқудың қажеті жоқ. Орталықтан теориялық емтихан тапсырып, 40 сұрақтың 32-не дұрыс жауап берсеңіз, практикалық емтиханға жолдама аласыз. Емтиханды осындағы автодромға тапсырасыз: арнайы бақылау құрылғысы арқылы көлік жүргізу кезіндегі барлық қателіктер автоматты түрде тіркеліп отырады. Қателіктер саны өте көп болса – автоматты түрде автокөлігіңіз сөніп, емтиханнан құлайсыз.

Егерде жүргізуші куәлігін ауыстыратын болсаңыз, МХҚКО барып, 2 сағаттың ішінде ауыстыруға болады. Немесе бұл қызметті электронды үкімет порталы арқылы да алуға болады. Айта кететін жәйт, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтпесе – медициналық анықтама керек емес.



- Емтихан кезінде автокөлікті бүлдірсе, шығынды кім төлейді?

- Мұндай жағдай ешқандай нормативтік актілерде де, құжаттарда да қарастырылмаған. Мекеме өз қалтасынан төлейді. Мысалы, өткен айда емтихан тапсырушының бірі алдыңғы бамперді сындырды. Өз қаражатымыздан жөндедік.

Әңгіме соңында Мұса Хайруллиев қазіргі ХҚКО ғимараттары ескіргенін және тарлығын да айтып кетті:

- Тар ғимарат қызмет көрсетуге өз кері әсерін тигізуде. Бұл мәселені облыс әкімі шешуге уәде етті.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

9 шілде 2019, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.