Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында мүгедектер проблемасы қаралды. Көзі көрмейтін зағип жанның «Құлағым жақсы естиді, осы жерде естігенімнің бәрі тек пессимизм тудырады!» деген сөзі жиынға қатысушыларға біраз ой салған шығар.
Атырау облысында бүгінде түрлі топқа тиесілі мүмкіндіктері шектеулі 22 113 адам бар. Оның ішінде 4400 адам – 16-18 жастағы жасөспірімдер. Соңғы жыл ішінде мүгедектер саны 22 пайызға өскен. Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат ӨТЕШЕВТІҢ айтуынша, қалада да, аудандарда да әлеуметтік мекемелерге, мәдениет, спорт және бизнес нысандарына кіретін пандустардың жоқтығы басты проблемалардың бірі болып қалып отыр. Облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар нысандардың 92 пайызы пандустармен жарақталмаған.
- Бірақ бар пандустардың өзі көп жағдайда стандарттарға мүлдем сәйкес келмейді. Тік жар деуге болады. Тексерушілерден құтылу үшін жасай салған. Көп жағдайда мүгедектер арбасы жүретін еңіс жері жоқ жаңа нысандар салынуда, - деді Өтешев. – Бұл осындай жандардың құқықтарын шектеу ғой! Мұндай заң бұзушылықтар үшін қатал жазалау керек, сонда нәтиже болады.
Өтешев арбадағы мүгедектердің нотариусқа, дәріханаға және басқа да жерлерге кіре алмағанын өз көзімен көргенін айтты.
Оның баяндамасынан кейін зағип Бөкенбай ШАМКЕНОВ микрофон алды:
- Мен ештеңе көрмеймін, бірақ сіздің баяндамаңызды жақсы естідім. Сіз мұның бәрін қазір көрдіңіз бе? Неге сөз көп те, жасалып жатқан іс жоқ?!
- Аға, сіз айтып болсаңыз, енді мен айтайын: біздің міндетіміз осы саладағы кемшіліктерді анықтап, оған жауапты тұлғалардың назарын аудару, - деді Өтешев. – Бүгін отырыс хаттамасын әзірлейміз, осыған қатыстылардың барлығына жолдап, бақылайтын боламыз.
Атырау әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫНЫҢ айтуынша, мүмкіндіктері шектеулі жандардан шағымдардың көп түсуіне байланысты арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Оның мүшелері нысандар бойынша рейд жүргізіп, көптеген заң бұзушылықтарды анықтаған.
- Тек Атырау қаласы бойынша белгіленген стандарттарға сай келмейтін 1864 пандус анықталды. 30 шілдеге дейін осы мекемелер мен ұйымдардың иелеріне заң бұзушылықтарды жою немесе лифт көтергіш орнату тапсырылды. Бүгінде 712 пандус дұрысталды, - деп хабарлады әкім.
ҮЕҰ мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері инватаксидің тапшылығына, мүмкіндіктері шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына, олардың шипажай-курортта емделуіне, жеке көмекшілердің еңбегін төлеуге қатысты проблемалар бар екенін айтты.
Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ:
- Бұл бәріміздің басымызға келуі мүмкін. Сондықтан сіз бен біз мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін қажетті жағдай жасауға тиіспіз. Егер ақша қажет болса, пандустар салу үшін қаржы бөлейік, мүгедектерге арналған бөлмелер қажет болса – оларды салайық, инватакси қажет болса – сатып алайық.
«Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы Мәдина КУЛУШЕВА оңалту орталықтарының жоқтығына шағымданды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАНЫҢ айтуынша, бұл қаржымен шешілетін мәселе.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор