Атырау облысы – Арыс қаласын қалпына келтіруге негізгі қатысушылардың бірі: үкімет біздің өңіріміз қаланың ең көп зардап шеккен бөлігі – жарылған әскери қоймадан 300 метр жерде орналасқан Көктем ықшамауданын қалпына келтіреді деп белгіледі.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, бұл аймақ Атырау, Түркістан, Қарағанды, Павлодар және Жамбыл облыстары әкімдіктерінің арасында 5 секторға бөлінген. Жалпы алғанда, Арыс қаласында 500 нысанда 2 мыңнан астам құрылысшылар мен жөндеу жүргізушілер еңбектенуде.
Атырау облысы әкімінің кеңесшісі Жасұлан СҮЙІНШАЛИЕВ ҚР ИИДМ бірінші вице министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВПЕН бірге біздің өңірге бекітілген секторды аралап шыққан.
- Бұл жерде Атырау құрылысшылары 482 үйді қалпына келтіруі керек. Соның ішінде 24 үй жарылыстың салдарынан мүлдем жойылған. Ал, қалған үйлердің терезелері сынып, төбелері және ішкі қабырғалары құлаған. Осы жұмыстарды қалпына келтіру үшін облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі және басқарма басшыларынан құралған ведомоствоаралық комиссия құрылды. Олар жұмыстар толық аяқталғанға дейін Арыс өңірінде болады. Қажетті техникалар мен 500-ге жуық адам жұмылдырылды, - деп хабарлады Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Біздің» секторда пластик терезелерді дайындайтын шағын 2 цех ашылды, оның өнімдері бірден құрылыс алаңына жеткізіледі. Сүйіншалиевтің айтуынша, Арыстағы үйлерді қалпына келтірумен атыраулық 12 компания айналысуда.
Бұған дейін кәсіпкерлерден, мемлекеттік қызметкерлерден және апатқа бей-жай қарай алмаған тұрғындардан 100 млн теңгедей қаражат көмек қорына аударылды. Одан басқа, ол жерге атыраулықтардың жинаған азық-түлігі, киім-кешегі, басқа да қажет заттар жеткізілді.
Фархат ӘБІЛОВ
Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған суреттер