Атыраудағы жеке сектор тұрғындары «Атырау Су Арнасы» КМК-нің 1 маусымнан бастап септиктерді вакууммен сору тарифінің көтерілгеніне риза болмады. Елді мекеннің ішінде 3,8 текше метр көлемдегі вакуумге тапсырыс беру 2 мыңнан 4,5 мың теңгеге дейін, елді мекеннен тыс – 3 мыңнан 7 мың теңгеге дейін; 10 текше метр көлемдегі вакуум – елді мекеннің ішінде 5 мыңнан 8 мың теңгеге дейін, елді мекеннен тыс – 6 мыңнан 10 мың теңгеге дейін қымбаттады.
Кәсіпорын басшылығы өз шешімін қызметкерлердің жалақысына, отынға, көлік шығындарына, салыққа және т.б. кететін шығындардың көбейгендігімен байланыстырып отыр. «АЖ»-ның сауалына «АСА» директорының міндетін атқарушы Арман КЕНЖЕҒАЛИЕВ осы қызмет түрінен түсетін табыс 2018 жылдың ішінде 5 млн 836 мың теңге болғанын хабарлады. Қала маңындағы ауылдар мен ықшам аудандардың, қаламыздағы жеке сектордың көптігін ескерсек, бұл цифр күлкілі көрінеді.
Бүкіл құю нүктесіне иелік ететін «Атырау Су Арнасы» КМК-мен келісімшарт бойынша қалада 75 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Олар да өз қызметтерінің бағасын көтеріп жіберген.
Монополияға қарсы департаментте түсіндіргендей, септиктерден қалдық суды сору табиғи монополияның бақылау саласына кірмейді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ