Атырау, 27 қараша 19:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мәдени геноцид: Қытай билігі Шынжаңдағы балаларды ата-анасынан ажыратуда

2 831 просмотра

Қытай. Шынжаң. Фото: nationalinterest.org

Қытай билігі Шынжаңдағы мұсылман азшылық өкілдерінің балаларын жүйелі түрде ата-анасынан ажыратуда. Ең кішісі 2 жастағы балалардан тартып мектеп оқушыларына дейін мақсатты түрде отбасынан бөліп алып, қатаң бақылаудағы мектеп-интернаттарға тұрғызуда. Шынжаңдағы азшылықтарға жасалған бұл әрекеттерді BBC анықтап шыққан, деп хабарлайды qazaqtimes.com.

Өңірде балаларды ата-аналарынан бөлек ұстап тұруға арналған көптеген мектеп-интернаттардың көптеп құрылғаны Қытайдағы ресми мәліметтерде де айтылды. Қытай үкіметінің бұл шарасын сынға алған кейбір сарапшылар, бұл аз санды ұлттарды тамырынан ажыратуға бағыттаған әрекеті деп айыптайды. BBC Қытайдағы арнайы тілшісі Жон Судворд бұл мәселені анықтау үшін Стамбулда Шынжаңнан барған ұйғырлармен кездесу өткізген. Себебі, Шынжаң жерінде бұндай мәселелер турасында нақты ақпарат алу қиын және ол сондағы азаматтардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Кездесуде балаларынан айырылып, қайғыға батқан ондаған ата-аналар жағдайды баяндап берген. 

Жон Судворд өзіне тән мәдениеті мен тілі, сенімі бар Шынжаңжағы аз санды ұлт өкілдерін «Үйрену орталықтарына» жинап қытай тілін, коммунистік партияны сүюге үйретіп жатқанын айтады. Ол сұхбаттасқан шынжаңдық ұйғыр азамат Абдрахман Тоқты өзінің жоғалып кеткен баласын әлеуметтік желіден көріп қалғанын жеткізеді. Желіде тарап жүрген видео жазбада оның 4 жастағы баласы тәрбиешіге қытай тілінде жауап беріп жатады. Абдрахман Тоқты әйелі мен балалары 3 жылдан бері қайта тәрбиелеу орталықтарында екенін айтқан. Сондай-ақ, ол бұл шаралардың басты мақсаты ұлтты түбірінен жоюға бағытталған деп қарайды. 

BBC хабарына қарағанда, Қытайдағы лагерлермен қоса өте үлкен жатақханалары бар мектептер құрылуда. Оларда неше жүздеген балалар жасайды. Балабақшалар да тікен-торлармен қоршалып, қатаң бақылауда ұсталады, сондай-ақ, қақпада сыртына «Бұл орында тек қытай тілінде сөйлеу керек!» деген ескертулер тұрады. Мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдары жалпы Қытайда балабақшалар 8 пайызға көбейсе, Шынжаң жерінде лагерлермен қатар балабақшалар 82 пайызға дейін көбейген. Ұйғырлар көбірек қоныстанған Оңтүстік Шынжаң жерінде 148 пайызға дейін жеткен. 

Тәуелсіз зерттеуші Адриан Зенз BBC-ге берген сұхбатында: «Шынжаң билігі өңірді толығымен бақылауға алуға әрекет етіп отыр. Олар өз ұлттық тамырынан, мәдениетінен, салт-дәстүрі мен діни сенімінен, керек болса өз тілінен толық ажыратылған мүлде жаңа ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді. Бұл мәдени геноцид екенін дәлелдер көрсетіп отыр» – дейді.

Дереккөз: qazaqtimes.com

8 шілде 2019, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.