Атырау, 27 қараша 19:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Грузия 200 млн доллар шығынға ұшырады

2 582 просмотра


Грузияға демалысқа келетін туристердің басым көпшілігі - Ресей азаматтары. Өткен жылы бұл елге бір жарым миллион ресейлік барып келген, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Биылғы маусымда одан да көп турист келеді деп болжанған еді. Алайда 20 маусымда болған оқиға жағдайды күрт өзгертті. Ресей үкіметі 8 шілдеден бастап Грузияға ұшақпен қатынауға тыйым салып, бұл елде демалып жатқан азаматтарына оралуға нұсқау берді. Грузия туристік маусымға жыл бойы тыңғылықты дайындалды.

Алайда саясаттың кесірінен ресейлік туристердің саны күрт азаятынын ешкім күтпеді. Қонақ үйлерге тапсырыстардың 60% -нің күші жойылды. Салдарынан туризм саласы 200 млн доллар шығынға ұшырады. Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 750 миллионға дейін жетуі мүмкін.

Былтыр шетелдік қонақтардан түскен табыс 3 миллиард доллардан асқан. Негізінен туризмнің арқасында күнін көріп жүрген Аджария тұрғындары үкіметтен көмек сұрап отыр. Ел басшылары дағдарысты еңсеруге арналған жоспар әзірледі.

Натия Турнава, Грузия Экономика және тұрақты даму министрі: 

- Бізге ресейлік туристерді сақтап қалып, өзге елдерден де қонақтарды тарту маңызды болып отыр. Осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Нақты жоспарымыз бар, туристік тыныш ел ретінде Грузия беделін күшейтуге басты көңіл бөлеміз. 

Үкімет шағын бизнеске қаржылай көмек беріп, логистика жағынан қолдау көрсетеді. Елге Еуропа туристерін тартуды да қолға алды. Тарихшы әрі этнограф Русудан Джапаридзенің пікірінше, елге туроператорларды әкеліп, оларды жергілікті әріптестерімен кездестіру қажет. 

Русудан Джапаридзе, Грузия гидтер қауымдастығының мүшесі:

- Үкімет өкілдері бізбен бірнеше рет кездесіп, осы дағдарысты қалай шешуге болатыны туралы пікірімізді білді. Соңғы 2-3 жылда негізінен ресейлік туристерге екпін жасап жүр едік. Өкімет чартерлік рейстер ұйымдастыруға көмектесіп, билеттер бағасын арзандатуға уәде берген.  

Дегенмен, ресейлік туристер Грузиядан біржола айнымаған сыңайлы. Гидтердің айтуынша, бұрын Грузия елінде демалған адамдар әлі келіп жүр. Олар өздеріне еш қауіп төнбейтініне сенімді. 

Марина Рублева, Мәскеуден келген турист: - Екі күнде өзімді қайта ретке келтірдім. Тамаша ел, адамдары да керемет. Күшті энергетикасын сезесің. Бәрі күн шуағына бөленген. Грузияның қонақжайлығы құр сөз емес. Қонағын құдайындай сыйлайтын халық. 

Түрлі жарнамалық шараларға қарамастан, қонақ үйлер, мейрамханалар мен гидтер шығынға батты. Үкімет өзге елдердің туристерін тартуға бар күшін салып жатса да, туризмді жандандыруға біраз уақыт керек. Ал биыл туристік маусым мол табыс әкелмейтін түрі бар.
Дереккөз: 24.kz

6 шілде 2019, 09:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.