«Цефтриаксон» антибиотиктерінің тыйым салынған сериясы Атыраудағы медицина мекемелері мен дәріханаларда әзірге кездеспеді. Бұл туралы «АЖ»-ға тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары Сара ОРАЗОВА хабарлады.
Ресейдегі Кривой Рог қаласында кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін Ресейде, Украинада және Белоруссияда бұған себеп болған препаратты қолдануға тыйым салынды. 27 маусымда тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Цефтриаксонның» осы сериясын қолдануға тыйым салу және оны айналымнан шығару туралы бұйрық шығарды.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жұқпалы және қабыну аурулары: тыныс алу жолдарының, құлақтың, тамақтың және мұрынның, құрсақ қуысының, бүйректің және зәр шығару жолдарының, жыныс мүшелерінің, сүйектердің, буындардың, жұмсақ тіндердің, терінің инфекциялары, сепсис, менингит кезінде тағайындалатын ауқымды әсер ететін антибиотик.
- Бұйрық алғаннан кейін біз бүкіл емханаларға, ауруханалар мен дәріханаларға хабарладық. Әзірге осы сериядағы препараттың бар екені туралы ақпарат түскен жоқ. Бәлкім ол тіпті біздің облысқа әкелінбеген де шығар, - дейді Сара Оразова.
Зульфия ИСКАЛИЕВА