БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында қазақ журналистикасының негізін салушы профессор Тауман Амандосов атындағы Атырау облыс әкімі сыйлығының иегерлері анықталды. Бұрын жыл сайын өтетін байқау қазір екі жылда бір рет өткізіледі.
«Қазіргі заманның қаһармандары» тақырыбындағы байқауға 2019 жылы БАҚ-та жарияланған баспа, аудио, видео материалдар қабылданды. Қатысушыларға қойылған талап - әр салада еңбек ететін, еліміздің тыныштығын қорғап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген адамдардың өмірін, жетістіктерін көрсету.
Конкурстық комиссияның шешімімен «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Ләззат ҚАРАЖАНОВА, «Хабар» Ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Арыстанбек КЕНЖЕ, «Казахстанская правда» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Серік ҚАБДОЛОВ және «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Ләззат ӨТЕПОВА осы беделді марапатқа лайық деп танылды. Сыйлықты Индер ауданында өткен салтанатты жиында қалам иелеріне облыс әкімі Н.Ноғаевтың өзі табыс етті.
Алма ҚАЛУСАРИЕВА
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ