Атырау, 19 сәуір 04:08
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

2 949 просмотра

ТАЭКВОНДО


Қазан қаласында таэквондодан (GTF) Еуропа чемпионаты өтті. Оған 26 елден 600 өкіл қатысты. Қазақстан құрамасында атыраулық 6 спортшы болды.

Алмаз Бекбауов 10-11 жастағы спортшылар тобында 26 келіге дейінгі салмақта массоги бағдарламасы (спарринг) бойынша алтын алқа жеңіп алды. Осы топта Айбек Демегенов 38 кг дейінгі салмақта Еуропа чемпионы атанды. Аспанбек Бақтыбек 12-14 жастағы қара белдік иелерінің тобында хъёнги бағдарламасында (формальды кешен) алтын алқаға ие болды. Командалық жарыстарда спортшылар тамаша нәтиже көрсетті. 10-11 жастағылар тобында  өткен командалық хъёнгиде Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Оның құрамында атыраулықтар А.Демегенов пен Дәулетхан Ерланұлы өнер көрсетті. Атырауық жаттықтырушы Берік Әлжанов «арнайы техника» бағдарламасына қатысып, алтын алқа алды.


БОКС

Балқашта 2003-04 жылғы жасөспірімдер арасында Жастар жылына арналған халықаралық турнир өтті. Атырау облысы құрамасының мүшелері бұл жерде 2 алқа иеленді.

54 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс бірінші жекпе-жекте Ресей өкілінен ұтылып, содан соң қарағандылық бәсекелесінен, жартылай финалда өзбекстандық спортшыдан үстем түсті. Тек финалда осы салмақтағы ҚР чемпионына есе жіберді. Нәтижесінде ол күміс алқа иеленді.

60 келіге дейінгі салмақта Бекзат Бітімов 3 жекпе-жек өткізіп, қола алқа жеңіп алды.

* * * * *

Алматыда 2005-06 жылғы жасөспірімдер арасында Кеңес Одағының батыры М.Якуповтың құрметіне халықаралық турнир өтті.

70 келіге дейінгі салмақта атыраулық боксшы Нұрасыл Бауыржан өз бәсекелестерінен басым түсіп, турнир тұғырынан орын алды. Осы салмақта Батыр Арпенов пен 58 келіге дейінгі салмақта Мұхаммед Ғарифоллаев қола жүлдеге ие болды.

Бұл облыс құрамасының күнтізбесіндегі маңызды турнирлердің бірі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тамызда Кувейтте өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

* * * * *

Нальчикте халықаралық «Домбай Кубогы» турнирі өтті. Атыраулық боксшылар бұл жерде 3 алтын, 1 күміс және 1 қола алқа ұтып алды.

Бекзат Мәжитов (49 кг дейін), Нұрбек Ташибаев (52 кг дейін) пен Исламбек Мұратов (91 кг дейін) турнир жеңімпаздары болды. Ертай Сағынжанның еншісіне күміс алқа, Аялан Құмарғалиевтің еншісіне қола алқа тиді. Спортшыларды облыстың аға бапкері Азамат Байдоллиев дайындады.


КАРАТЭ

Болгарияның курортты Камчия поселкесінде республикалық кекушинкай каратэ-до (KWU нұсқасы) федерациясы Атырау филиалының шәкірттері қатысқан Әлем кубогы өтті. Олар екі қола алқаға ие болды.

Аружан Әбдірахманова мен Карина Досымова табысқа жетті. Спортшыларды бапкерлер Таңат Нұрымов пен Мұрат Жолдасов дайындады.

* * * * *

Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Astana Cup» халықаралық турнирінде облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясының командасы 2 күміс алқа жеңіп алды.

Құдайберген Нарынбек (ардагерлер арасында) пен Нұржан Кенжеболатов (34-39 жастағы спортшылар арасында) табысқа жетті.


БЕССАЙЫС

Бурабайда өткен Азия кубогында атыраулық бессайысшылар қоржындарын алқамен толтырып қайтты. Сайыстар бағдарламасында биатл (жүгіру+жүзу) мен триатл (биатл+ату) жарыстары болды. Нәтижесінде атыраулықтар 14 алқа алып келді.

Жеке біріншілікте Ангелина Чавкинаның еншісіне 2 күміс алқа тиіп, ол Қайырғали Қадырәлімен жұптасып, тағы екі алтын алқа жеңіп алды. Қадырәлі триатлда күміс алқа иеленді.

Аида Ким жеке біріншілікте 2 күміс алқа және Илья Дудровпен жұптасып, күміс және қола алқалар алды. Бисұлтан Қайыров жеке біріншілікте 2 күміс алқа, алматылық спортшы қызбен жұптасып күміс пен алтын алқаға қол жеткізді. Ангелина Константинова мен Алексей Те қатысқан жұп командаға қола алқа әкелді.

Команданы Ильфат Гатиятуллин жаттықтырады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 шілде 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.