Күнде таңертең жағалауда жүгіріп жүріп, орындықтарда әлденені қызу талқылап отырған қарияларды байқаймын. Тіпті, едәуір жерге ұзап кетсем де, «Саня балыққа дұрыс қармақжем алмапты, жасы келсе де, әлі күнге дейін балық аулаудың қыр-сырын білмейді» деген сияқты әңгімелері ап-анық естіліп жатады.
ЖАЗДА САЯЖАЙ, ҚЫСТА ТЕЛЕДИДАР
Балық аулаудың білгірлерінен сәл әрігірек пирсте әжейлер жаттығу жасап жүр. Ал әжейлер не айтады екен деген ой жылт етті. Әрине, балық аулау туралы айтпайтын шығар. Қызық үшін жақындап барып, құлаққаптағы музыканы өшірдім де, жаттығу жасай жүріп, әңгімелеріне құлақ түре бастадым.
Үзік-үзік әңгімеден түсінгенім, әйелдер саяжай туралы, атыздарында не өсіп жатқанын әңгімелеп жүр екен. Содан соң бірі: «Қайта қазір жаз мезгілі, әйтеуір бақшада күйбеңдеп жүресің ғой» деді. Екіншісі басын изеп: «Иә, қыста тек теледидардың бетіне қарап отырғаның» деп қостап қойды.
Сол сәт көңілімді мұң басты. Өмірдің мәні туралы тұңғиық ойға шомып кетпес үшін, құлаққабымдағы музыканы қайта қосып, жүгіруді жалғастырдым. Алайда ойдан арылу мүмкін болмады. 26 жаста болсам да, зейнеткерлікке шыққанда не істеймін деп ойлана бастадым. Сонда теледидар көрем бе тек?
Үйге келген соң, Google іздеу жүйесін ашып: «зейнеткерлікке шыққан соң немен айналысуға болады?» деген сөйлемді тердім. Іздеу жүйесі бірден «Алматыдағы зейнеткерлерге арналған орталық» деген ақпаратты шығарып берді. Әрі қарай оқығаным туралы қысқаша баяндаймын.
БІЗДЕ ДЕ ОСЫНДАЙ БОЛСА
Бір жыл бұрын Алматы әкімі Бауыржан Байбек Жол картасы аясында аға ұрпақты қолдау мақсатында ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығына барыпты. Бұл қалалық бағдарлама егде жандарды белсенді өмірге тартуға және ұрпақтар үндестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Алматылық зейнеткерлер үшін орталықта кітапхана, йога мен аэробикаға арналған фитнес-зал, шахмат, тоғызқұмалақ, домино ойнауға, тоқумен айналысуға, фильм көруге арналған залдар ашылған.
Егде жандар үшін орталықта үнемі компьютерлік сауаттылық, смартфондармен жұмыс, ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылады. Қоғамдық бірлестіктермен апта сайын тегін құқықтық, психологиялық, медициналық консультациялар, мотивациялық семинарлар мен мастер-кластар өткізіледі.
Бұл жоба іске қосылған сәттен бастап оңтүстік астанада осындай 32 орталықтың ашылғанын айта кету керек.
Алматыда зейнеткерлерге арналған жол картасы аясында қарт адамдарға арналған әлеуметтік бағдарламалар мен арнайы еңбек биржасы туралы пайдалы ақпарат қамтылатын Ata-Apa.kz электронды порталы құрылған.
Мен порталда көрсетілген телефон арқылы орталыққа қоңырау шалып, олардың жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұрап көрмек болдым. Тұтқаны Алтынай есімді үні жайдарлы әлеуметтік қызметкер көтерді.
- Біз қалалық әкімдіктің қолдауымен ашылдық. Қазір біздің орталыққа екі мыңнан астам зейнеткер келеді. Біз ай-куне (омыртқаға арналған жаттығу), йога, ағылшын және қазақ тілдері, латын әліппесі, бағбандық, скандинавиялық жүріс сабақтарын өткіземіз, компьютерлік сауаттылыққа үйретеміз. Жалпы, сабақтар ауқымы өте кең. Бізге келу үшін жеке бас куәлігі мен зейнеткерлік куәлігін көрсетсе жетіп жатыр. Келушілер үшін барлығы тегін, - деді Алтынай.
«ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН»
Алтынаймен сөйлесіп болған соң, қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВТІҢ атына мұнайлы астанамызда осыған ұқсас орталықтардың бар-жоғын білу үшін редакциялық сауал жолдадым. Ол жерге сұрақтар тізімін ғана емес, болашақта билікке керек шығар деген оймен, Алтынайдан алған ақпаратты да қоса жазып жібердім. Алған жауапты толықтай назарларыңызға ұсынамын, өйткені күткенімдей көлемді жауап болмай шықты.
«Атырау қалалық әкімдігі сіздің сауалыңызбен танысып шығып, төмендегілерді хабарлайды:
Атырау қаласындағы зейнеткерлер саны - 31 098 адам.
Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде жыл сайын Халықаралық қарттар күніне орай үйден әлеуметтік қызмет көрсетілетін жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге мерекелік шаралар өткізіледі.
Зейнеткерлер мен аға буын өкілдерінің бос уақытын ұйымдастыру үшін арнайы (спорттық/шығармашылық) орталықтар құру қарастырылмаған».
Міне, сондықтан да ата-әжелеріміз жарты жылын саяжайда өткізсе, қалған жарты жылын теледидар алдында өткізеді. Өйткені, спорт зал абонементін төлеуге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Яғни, зейнетақысы жетпейді.
Анастасия АЛЮШИНА