25 маусымда Қызылқоға ауданының өнерпаздары мен облыстық «Тарлан» қазақ күресі федерациясы ұйымдастыруымен Атырауда тұңғыш рет қазақ күресінен «Өнер барысы-2019» турнирі өтті.
Нұрсая спорт кешенінде ұйымдастырылған балуандар додасына тек өнер иелері - танымал шығармашылық тұлғалар, әншілер мен асабалар, кәсіби музыканттар мен әртістер қатысып, облыстағы жоғары дәрежелі спорт төрешілер қазылық етті.
Дода қорытындысында жеңіл салмақтағы балуандар арасында өнер көрсеткен атыраулық асаба Нұрғали БЕКЕЖАНОВ бірінші орынды иеленсе, Атырау қаласынан қатысқан бейне оператор Данияр МҰХАМЕТОВ екінші, мақаттық тойды көркемдеуші Ислам УТИЕВ үшінші жүлдені қанжығаға байлады. Ал 75 келіден жоғары салмақта жылыойлық Қайыржан САНСЫЗБАЙ үздік атанса, екінші орынды махамбеттік Руслан СҰЛТАНОВ, үшінші орынды индерлік фото және бейне оператор Арман ТӨЛЕГЕНОВ алды. Сондай-ақ 3-ші орын үшін болған белдесуде жеңілген атыраулық музыкант Фархат МОЛДАРАХМАНОВ «Жеңіске деген жігер үшін» номинациясымен, атыраулық бейне оператор Асылбек АҚТӘЖІ «Көрермендер көзайымы» номинациясымен марапатталды. Бірінші орын иегерлеріне «Өнер барысы» белдігі табыс етілді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор