Атырау, 28 қараша 11:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Кімдердің борыш жүктемесі азайтылады?

2 687 просмотра


Кепілсіз тұтыну несиелері бойынша борыш жүктемесін азайту жөніндегі шараларды қажет ететін Атырау облысы тұрғындарының тізімін жасау жұмыстары басталды. Қарыз алушыларға ешқайда жүгінудің қажеті жоқ - белгіленген шартқа сай келетін адамдардың деректері уәкілетті органдардың деректер базасында бар.

Бұл туралы «АЖ»-ға ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалы директорының орынбасары Серік ОМАРОВ хабарлады. Тізім әрбір қарыз алушының ахуалын жеке өңдейтін қаржылық ұйымдарға жіберіледі. Сондай-ақ, ол кепілсіз тұтыну несиелері бойынша  жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауы тиіс екенін, жалпы сомадан 300 мың теңгеге дейінгі көлемде қарызы өтелетінін түсіндірді. Бұл белгіленген сома және бережақ көлеміне байланысты емес.

Бағдарлама операторы – «Проблемалы несиелер қоры» АҚ. Бұл ұйым республикалық бюджеттен мақсаттық қаржы бөледі. Оператор, өз кезегінде, келесі тұлғалардың: көп балалы отбасылардың, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылардың, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылардың,  атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындардың, жетім балалардың, ата-анасынан  кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың бережағын өтеу үшін банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен келісімшарт жасайды.

Тұрғындардың Ұлттық Банк алдында есеп беретін екінші деңгейлі банктердегі жəне микроқаржы ұйымдарындағы қарызы өтеледі. Интернеттегі несие берушілер, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар кіретін реттелмейтін сектордағы азаматтардың қарызы жабылмайды. Алайда 2019 жылдың 26 маусымындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлықтың үшінші бағыты қарыз алушыларды қосымша қорғау бойынша реттеуші сипаттағы бірқатар шаралар кешенін көздейді.

- Тұтыну несиесінің реттелмейтін секторда анағұрлым белсенді өсетіні ескеріліп, таяу уақытта қол қойылатын жаңа заң әзірленеді. Бұл құжат реттелмейтін сектордағы қаржы ұйымына қатысты бірқатар қосымша реттеу шараларын қарастырады. Біріншіден,  барлық кепілсіз тұтыну несиесі бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен бережағы бар жеке тұлғаларға несие беруге және тұрақсыздық айыппұлын, комиссия және қызмет көрсетуге байланысты басқа да төлемдерді есептеуге тыйым салынады.  

Бұл азаматтарды бережақ сомасының үнемі өсуінен қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, күнкөріс минимумынан төмен табысы бар азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады. Үшіншіден, қарыз алушының борыш жүктемесін есептеу тәсілдерін жетілдіру, банк капиталына қосымша талаптар сияқты қосалқы шаралар қарастырылады, - деп атап өтті Серік Омаров. Осылайша үкімет қайта несиелеудің болашақтағы тәуекелдерін шектеуге және жауапкершілікпен несиелендіру үшін жағдай жасауға үміттенеді. 

Жарлық аз қамтылған тұрғындарға ғана қатысты емес. Оның екінші бағыты барлық азаматтардың кепілсіз тұтыну несиесі есептелген  айыппұлдары мен  өсімпұлдарын есептен шығаруды көздейді. Ұлттық банк банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірге кепілсіз тұтыну қарыздары бойынша 2019  жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген  айыппұлдар мен  өсімпұлдарды салыстыруға және тиянақтауға ниетті.

Ең алдымен банктер мен микроқаржы ұйымдарының есебінен есептен шығару жүргізіледі. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын сома Оператор есебінен өтеледі, ол қажетті қаржы көлемін бөледі. Бұл жерде де қарыз алушыларға банкке, микроқаржы ұйымдарына немесе басқа ұйымдарға барудың қажеті жоқ. Барлық жұмыстарды банктер мен микроқаржы ұйымдарының өздері жүзеге асырады. Қарыз алушыларға есептен шығарылғаны туралы ескертіледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 шілде 2019, 12:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.