Атырау облысының кейбір тұрғындары қаржылық пирамидадан опық жеген. Олар «UNNITY corporation» ЖШС-не ақшаларын салып, бірнеше айдан кейін байып кететіндеріне сенімді болған. Бірақ олай болмай шықты.
- Атырау облыстық Полиция департаментінің тергеу басқармасының өндірісінде ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы (Аса ірі мөлшерде ақшаны тарта отырып қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша қылмыстық іс жатыр. «UNNITY corporation» ЖШС-нің басшылығы мен оның басқа серіктестеріне қатысты тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Полициядағылар зардап шегушілерге Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 85 мекен-жайындағы Полиция департаментіне немесе 8-778-252-56-00, 98-22-72 телефондарына байланысу керектігін хабарлайды.
27 маусымда ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Грузиядан Қазақстанға қаржы пирамидасын құрды деп күдіктелген «UNNITY corporation» менеджері Бақыт ЖҰМАБАЕВТЫҢ экстрадицияланғанын хабарлаған еді. Тергеу мәліметі бойынша, 2016-2017 жылдары Жұмабаев сыбайластарымен бірге «UNNITY corporation» ЖШС компаниясына қаржы тартумен айналысқан.
«Ол топ құрамында басқа тұлғалармен бірге Қазақстанның бірқатар облысының аумағында аталмыш компанияға азаматтардың ақшаларын тарту арқылы заңсыз кіріс алу үшін және кейін оларды қайта бөлу арқылы басқалардың жарналары есебінен бір қатысушыларды байыту мақсатында қылмыстық қызмет ұйымдастырған», - делінген Бас прокуратураның ресми хабарламасында. Жалпы зиян 160 млн теңгеден асқан. Фигурант Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысына қамалды.
Жыл басынан бері Атырау облысында 512 алаяқтық фактісі тіркелген, оның 230-ы ашылды.
Фархат ӘБІЛОВ