Ұлттық экономика министрлігі барлық облыстан шаруа қожалықтарындағы жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алуға, содан соң оны делдалдарсыз тұрғындарға төменгі маржамен сатуға мүмкіндік беретін көтерме-тарату орталықтарын (КТО) ашу жоспарын жариялады. Ал Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аманжол ҚАБДЕШОВТІҢ айтуынша, біздің өңірде КТО салынбайды. Өйткені бізде осындай қызмет атқаратын «Сарайшық» коммуналдық базары бар.
- Базардың жалпы алаңы - 2,1 гектар, ол жерде алаңы 6,2 мың шаршы метр болатын сауда павильондары мен қойма орынжайлары орналасқан. Базарда 145 кәсіпкер жұмыс істейді – деді Қабдешов. – Коммуналдық базар жергілікті өндірушілердің тауарларын қабылдау, сақтау және өткізу қызметін атқарады. Бүгінде «Сарайшықтағы» сауда орны үшін жалға алу ақысы - күніне 600 теңге. Бұл жергілікті басқа базарларға қарағанда едәуір аз және бұл сатып алушылар үшін қолайлы баға белгілеуге мүмкіндік береді.
Ал Атырау тұрғындары «Сарайшық» коммуналдық базарындағы бағалардың айтарлықтай төмен еместігін, мұнайлы астананың жеке базарларынан айырмашылығы шамалы екенін айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ