Алдымен журналистерді конференц-залға шақырды. Бірақ кейін келген Артығалиев мұның баспасөз конференциясы еместігін, ақпараттық хабарлама екенін айтып, кеңсе фойесіне жайғасуды өтінді. Дегенмен, ол өзіне қойылған сұрақтардан жалтара алмады.
БАҚ өкілдері Үшінші буын зауытын салып жатқан ССЕР араб компаниясымен келісім-шарттың бұзылуына қатысты сұрақтар қойды. Бұл компания - былтырдан бері ТШО-мен жұмыс істеп келе жатқан ірі мердігер.
- Қазіргі кезде компанияның ССЕР-мен келісім-шартты бұзыпты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Келешек кеңею жобасының Үшінші буын зауытының (ККЖ ҮБЗ) құрылыс алаңындағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Бірақ көп ұзамай қайта жалғасады. ТШО-ның өндірістік нысандары, Келешек кеңею жобасының басқа нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде, - деді Артығалиев.
Айта кету керек, ССЕР-мен Үшінші буын зауытының құрылысы аяқталғанша келісім-шарт жасалған.
Кездесу соңында сезімге берілген Артығалиев әлеуметтік желілерге таралған түрлі жалған ақпараттарға арандап қалмауды өтінді.
- Ешқандай кісі өлімі болған жоқ! Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттар, Трамп айтқандай – фейк! Басын құбыр тесіп өткен адамның суреті шынайы ақпарат емес.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор