Атырау, 24 қараша 17:03
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қауіпті аттракцион

2 043 просмотра


Қарағандыда күшті жел салдарынан ойын батуты аударылып, бүлдіршін мерт болғаннан кейін бүкіл елде мәжілістер өткізіліп,  тексеру жұмыстары басталып кетті.  Атырауда да техникалық реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік штаб бас қосты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – балалардың қауіпсіздігі бойынша аттракциондарға қойылатын талаптар.

Техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Салтанат КАМЕШЕВАНЫҢ айтуынша, 2018 жылдың 18 сәуірінде ЕАЭО-ның «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламенті күшіне енді. Ол ереже сақталмаған жағдайда жарақат алу қаупі бар шолу дөңгелектеріне, катапульттерге, әткеншектерге, картингтерге, үрмелі батуттарға, төбешіктерге, электромобильдерге, су аттракциондарына және басқа ойын-сауық механизмдеріне қолданылады. Атап айтқанда, пайдаланушылар қозғалатын бөліктер мен бөлшектерден сенімді қорғаныс қалқаларымен қоршалуы тиіс, механизм жұмысындағы ақауды тез ескерту мүмкіндігі болу үшін объект дабыл жүйесімен қамтамасыз етілуге тиіс, құрылғыларда, әсіресе, қозғалатын бөліктерге бала қолын, аяғын немесе басқа заттарды қыстырып алуы мүмкін саңылаулар қалдыруға болмайды.


- Меншік иелері күн сайын аттракциондардың техникалық жағдайын тексеріп, майлап, реттеуді қоса алғанда, арнайы дефектоскопиялық тексеру жұмыстарын жүргізуі керек, - деп атап өтті Камешева.

- ЕАЭО стандарты меншік нысанына қарамастан барлық субъектілерге қолданылады. Аттракциондарды қауіпсіз пайдалану үшін: орнату, күйін келтіру және реттеу; ЖАО (жергілікті атқарушы органдар) есебіне тіркеу; техникалық куәландыру; пайдалануға рұқсат беру және пайдалану кезеңдері белгіленген, - деп хабарлады «Қазинст» РМК Атырау филиалы директорының міндетін атқарушы Жаннат АҚМАЛИЕВА.

Аттракционды есепке қою үшін иесі жергілікті атқарушы органға аттракционның паспортын, штатта оқытылған қызметкерлері және т.б. бар екенін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Жалпы, регламент бойынша бәрі дұрыс. Бастысы – ол іс жүзінде сақталуы керек.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

1 шілде 2019, 14:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.