Whatsapp және әлеуметтік желілерде Арыстағы оқ-дәрі қоймасы жарылғаннан кейін төрт баласымен көмек сұраған әйелдің суретін көргенде, көзіме оттай басылды: бұл - Құрманғазы ауданы Нұржау ауылындағы ауылдасым еді, есімі Жазира! Дереу оған хабарластым.
- Өзім Нұржау тумасымын, қазір Арыс қаласында тұрамын. Отбасым, төрт балам бар. Комаров атындағы мектепте орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Жарылыс болған күні ешқандай дабыл соғылмады. Негізі сирена қосылуы керек қой, бірақ ондай болмады. Еңбек демалысында едім, жолдасым Түркістан қаласына шаруаларымен кетіп қалған. 4 баламен үйде қалдым, - деп әңгімелейді Жазира ҚАЙБАЛДИЕВА. – Таңертеңгі сағат 10-дарда бір түтіннің шығып жатқаны байқалды. Бір нәрсе өртеніп жатқан болар деп ойладық. Көшеге шықсам, айқай-шу естілді. Дарбазаның сыртына шықсам, қолдарында бір-бір пакет, жалаң аяқ, жалаң бас, балаларын жетектеген адамдардың: «Шығыңдар қаладан, шығыңдар! Арсенал жарылып жатыр!» деп айтқан дауыстарын естідім. Жүгіріп үйге кіріп, балаларымды киіндіріп, біз де шықтық. Абдырап жүріп, ақшамызды, құжаттарымызды тастап кетіппін. Артынып-тартынып біз де жолға шықтық. Арыстағы Задарья деген шағын ықшам ауданда тұрамыз. Бұл жерде орта және бастауыш мектептері, балабақша бар. Үйіміз сол балабақшаның қасында. Бала күтушілердің, тәрбиешілердің сол жерден балаларды алып шығып бара жатқанын көрдік. Олармен бірге Шардара-Арыс тасжолына қарай шықтық. Адам көп, ешбір машина тоқтамайды. Тіпті, әскерилердің өздері қашып барады. Бір кезде сол жерден ватсапты қосып, таныстарымызбен хабарласып, не болып жатқанын сұрастырдық. Сөйтсек, арсенал жарылып жатыр екен.
Жазираның айтуынша, қала тұрғындары №1 қойманың жарылғанын айтқан. Содан кейін ешқандай ақпарат болмаған.
- Аласапыранда Шардара-Арыс тас жолының бойында егіз балам Абдуллах пен Әбдірахманды жоғалтып алдым. Өтіп бара жатқан көліктерге, велосипедке, мотоциклге мінген ер адамдар балаларды тасумен болды. Балаларымды 4 сағаттан кейін ғана тауып алдым. Бұл өмірде мейірімді жандар бар екен. «Субару» көлігіне мінген жас жігіт омыраудағы баламмен және 5 жасар қызыммен жол бойында жылап тұрғанымды көріп, көлігіне отырғызып, балаларымды табуыма көмектесті. Есімін сұрап алмаппын, бірақ оның Жетісайдағы жеке кәсіпкер екенін білдім. Мен оған балаларымды табуға көмектескені үшін қатты ризамын, - деп көз жасына ерік берді Жазира.
Сол жігіт оны балаларымен Монтайтас поселкесіндегі Бейсен Оңтаев атындағы мектепте ұйымдастырылған құтқару лагеріне апарып тастайды. Олар сол жерге орналасып, тізімге алынған.
- Ол жерде жетісайлықтар көмектесті. Жетісай ауданының әкімі келіп, көмек қолдарын созды, оларға бөлек алғыс айтамын. Лагерьде бізді күніне 3 рет тамақтандырды, барлық керек-жарақпен қамтамасыз етті. Халықты аш қалдырмау керек деп, азық-түлік әкелді, бірнеше қой сойды. Арыс қаласының әкімі ешқандай халықпен тілдесіп, халықтың жағдайын сұраған жоқ. Көп адам дене жарақатын және психологиялық стресс алған, оларға психологиялық және жедел медициналық жәрдем көрсетілді. Зардап шеккендердің бәрі Жетісай мен Келес аудандарының тұрғындары еді. Қанша адамның қаза тапқанын, жалпы зардап шеккен қанша адам екенін білмейміз.
28 маусымда таңмен эвакуацияланған тұрғындарды кері Арысқа әкеліпті. Жазира да отбасымен үйіне оралған.
- Қазір үйімізге кіргізді, бірақ бізге радиация ұшқындары бар, үйдегі азық-түлікті пайдалануға болмайды деп ескертті. Әкімдік тарапынан ешқандай көмек болмады. Азық-түліктер жарамсыз, тіпті, дүкеннен сатып ала алмаймыз. Дүкендегі азық-түліктер де сондай ғой. Үйімізді үй деп айтуға келмейді. Төбесі жарылып, ішіне түскен, есік-терезелері қираған. Әрине, кез-келген көмекке риза боламыз.
Әрі қарай көзіне жас ала отырып, жарылыстан кейін екінші күні оның банк карточкасына Нұржаудағы ауылдастарынан 50 мың теңге түскенін, ол жерде қайырымдылық акциясы ұйымдастырылғанын айтты.
- Оларға шексіз алғысымды білдіремін. Тағы бір Нұржаудағы оқушым, қазір Астанада, маған бәлен қайта хабарласып, жағдайымды біліп, 25 мың теңге жіберді. Ешкімнің басына мұндайды тілемеймін, бірнеше минуттың ішінде аласапыран, соғыстың ортасында қалғандай күй кештім. Балаларым жанымда, аман-есен отбасыммен қауышқаныма шүкіршілік етемін.
Егер кімде-кім осы әйелге қол ұшын бергісі келсе, телефоны 8775 677 51 99.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Жазира Қайбалдиева жолдаған суреттер