Атырау, 24 қараша 16:40
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Теңіздегі ахуалға не түрткі болды?

5 183 просмотра

Бейнежазбадан алынған кадр

Желіде түпнұсқаға өте ұқсас құжат пайда болды. Бірақ реквизиттері мен қойылған қолдары жоқ, яғни, оны кімнің жазғаны, қай құқыққорғау органына тиесілі екені және т.б. түсініксіз.  Көпшілік оның шынайылығына күмәндануда, жергілікті билікке жақын дереккөздер оны фейк деп санайды.

Бірақ біз оны бір ғана мақсатта: ресми органдар 28-29 маусымында Теңізде болған оқиғалар тізбегін растауы немесе жоққа шығаруы үшін жариялауды ұйғардық. Оқиғаларға баға беру осыған байланысты болмақ. Үзінді келтірейік:

«28 маусымдағы (жұма – АЖ) Теңіз жобасында болған жанжалды ахуалға қатысты Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны, «Азаматтық белсенді» Шапқараев Тұрар Айдынұлы Фейсбукта өзінің «Болат Қараболат» деген парақшасында мақала жариялап, онда құзыретті органдарды Consolidated Contracting Engineering & Procurement Company SAL (ССЕР ЖШС) логистикалық компаниясының бас әкімшісі Эли Даудқа WhatsApp-қа қазақ қызымен түскен әдепсіз суретін орналастырғаны үшін шаралар алуға шақырған. Шапқараев Т.А. шетелдіктің әрекетін қазақ ұлтын қорлау деп атап, әйтпесе, «...Сиси мекемесі алдында үлкен сұрау басталады! Элиге дала заңы, баба заңы бойынша қазақша жаза қолданылуы бек мүмкін!» деп атап өткен.

Осы факт бойынша аудан прокуроры Т.А.Шапқараевпен ескерту-алдын алу әңгімесін өткізді. Эли Дауд жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босатылды (ол одан бұрын өкініш білдірген постын жариялады).

29 маусымда (сенбі - АЖ) сағат 10:00-де ССЕР ЖШС-дегі араб жұмысшылар Эли Даудтың жұмыстан шығарылуына байланысты қазақстандық жұмысшылардың еңбек тәртібін бақылауды күшейту туралы пікір айтқан.

Бұл жағдайды айқындау үшін 120-ға жуық қазақстандық жұмысшылар ССЕР ЖШС кеңсесіне барып, ғимаратты қиратып, бірнеше арабқа дене жарақатын салған (тексеруді қажет ететін алдын ала деректер бойынша, 9 араб және 1 қазақстандық жұмысшы жарақат алған). Содан кейін жұмысшылардың бір бөлігі 3-буын зауытына кіретін жолды жауып тастап, ал қалған бөлігі (700-ден 800 адамға дейін) А4 кеңсесіне барады. Олар ССЕР ЖШС жатақханалары орналасқан Теңіз вахталық поселкесінен шығатын компанияның 10 автобусын  басып алған. Вахталық поселкенің өзіне 300-ге жуық адам жиналып, 3 араб соққыға жығылған.

ТШО басшылығы бүкіл мердігер компаниялардың қызметкерлерін құрылыс алаңының аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.

Оқиға орнына шұғыл түрде Жылой аудандық АІІБ-нің жеке құрамы, ҰҚКД аудандық бөлімінің және аудандық прокуратураның өкілдері жұмылдырылды. Атыраудан облыс прокуроры, ҰҚКД және ПД басшыларымен бірге облыс әкімі келді».


Егер ойлап қарасақ, бұл жалған құжат па, әлде расталмаған баяндау хат па, маңызды емес. Жоғарыда сипатталған оқиғалардың реттілігі маңызды екенін қайталап айтамыз. Бұдан әлеуметтік желілердегі суреттерден, пікірлерден гөрі анағұрлым күрделі көріністі көруге болады.

Біріншісі:  Қазақстан азаматының, оның көзқарасы бойынша, намысқа тиетін суреттерді жариялау фактісіне байланысты өтініші бойынша әрекет еткен прокуратураның араласуымен Эли Дауд тәртіпсіздіктерден бір күн бұрын жұмыстан босатылған. Эли Дауд сол күні, яғни, тәртіпсіздіктерден бір күн бұрын кешірім сұрады.

Екіншісі, негізгі жайт: келесі күні, 29 маусымда таңертең «араб текті қызметкерлер қатарындағы ССЕР ЖШС өкілдерінің Эли Даудтың жұмыстан шығарылуына байланысты қазақстандық жұмысшылардың еңбек тәртібін бақылауды күшейту туралы пікірлері қазақстандық жұмысшылардың наразылығын тудырған».

Қарапайым тілмен айтсақ, ССЕР менеджерлері жұмысшыларға: «Сендер біздің менеджерді жұмыстан қудыңдар, енді бізден еркіне жіберуді күтпеңдер» дегенді аңғартқан. Атышулы суреттің желіге жариялануы емес, дәл осы нәрсе төбелестің басталуына себеп болған секілді.

Үшіншісі:  қазақстандық жұмысшылар «жағдайды айқындау үшін» компания кеңсесіне барады. Бұл әрекет кеңсенің ойрандалуына және экспаттарды соққыға жығуға ұласады. Неліктен бұлай болды және кінәлі кім, тергеу ісі осыны анықтауы тиіс.

«АЖ» редакциясы

30 маусым 2019, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.