Атырау, 29 желтоқсан 01:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Тариф әзірге көтерілмейді

2 176 просмотра

Жылу есептегіштері жоқ үйлердің тұрғындары үшін жылу тарифтері дәл қазіргі уақытта көтерілмейтін болды. Бұл туралы 8 қазанда өткен кеңесте Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің директоры Жанайым КЕЛБАТЫРОВА хабарлады.

- Агенттік жылу есептегіштермен жарақталмаған үйлер үшін жылыту тарифтерін көтеру әдістемесінен бас тартқан жоқ. Алдымен насихаттау жұмыстарын жүргізіп, есептегіштерді орнату жөніндегі мәселеге қозғау салуға тырысамыз. Бүгінде Атырау бойынша жылу есептегіштермен қамтылу 8,3 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша елімізде соңғы орындарда тұрмыз. Департаментке қазанда – 10, қарашада – 25, желтоқсанда – 10 үйге жылу өлшегіштер орнату жоспары жіберілді. Біз оны қатаң ұстанатын боламыз, - деді Ж. Келбатырова.

Ол техникалық тұрғыда есептегіштерді орнату мүмкін болмайтын тозығы жеткен үйлердің тізімін кешіктіріп отырған қалалық әкімдікті сынға алды. Бұл тізімдер осы үйдің тұрғындарын жоғары тарифтен босатуға негіз болу үшін қажет екен.

Қалалық әкімдіктің жұртшылықпен жұмыс бөлімінің маманы Жасұлан МҰҚАНОВ қарсылық білдірді: жылу есептегіштерді орнату техникалық тұрғыда мүмкін болмайтын үйлерді түгендеу қалалық әкімдіктің құзырына кірмейді екен. Ал қалалық әкімдік бүгінде Атырау бойынша есептелген 30 апатты үйдің тізімін ұсынған.

Қалалық ПИК қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлнар САЛИХОВА аталмыш тізімге қаладағы барлық 2 қабатты «хрущобкаларды» енгізуді ұсынды. Ол үйлерде 8-15 пәтерлерден бар. Тұрғындар құны жарты миллион теңге болатын жылу есептегіштерге бәрібір ақша жинап бере алмайды. Оларды не үшін жылуды 20 пайызға қымбаттатып, жазалау керек?

«АЖЭО» АҚ президенті Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ бірнеше жыл бұрын тұрғындардың барлығына жылу есептегіштер орнатуды, ал олар үшін төлемақыны жыл ішінде жеткізілген жылу ақысымен бірге төлеуді ұсынғанын еске салды. Сол кезде тұрғындарға 9909 келісім-шарт жіберілген. 9268 жағдайда олар келісімге қол қоюдан бас тартыпты. Ал ПИК жылу камераларын салмаймыз және оларды өз балансымызға алмаймыз деп айқай-шу көтеріпті.

рінің төрағалары Тілеуғали СӘМЕНОВ пен Серік СҮЛЕКЕНОВ жылу компаниясының басшысына олар қызмет көрсететін кейбір үйлердің тұрғындары бұрынғы шарттарда ЖЭО-мен бүгін-ақ келісім-шарт жасауға дайын екендігін мәлімдеді. М. Қалиев қазір компанияда ақша жоқ деген желеумен бұдан бас тартты. Сол сәтте Келбатырова ЖЭО-ның жылу есептегішті орнату жөніндегі тұтынушылардың өтінішінен бас тартуға құқығы жоқ екендігін мәлімдеді.

«Әнуар-Авангард» ПИК-інің төрайымы Людмила ШАРОВАТОВАНЫҢ хабарламасы тосын болды: 8 қазанда оған «Атырау жылу жүйелері» АҚ-нан қоңырау шалып, осы күннен бастап, яғни, мерзімінен бір апта бұрын Авангард 2-ықшамаудандағы №11 үйге және 3-ықшамаудандағы №36, 37, 39, 39 «а», «б» және «в» үйлерге жылу берілетінін хабарлаған. Бұл сөздерді С.Сүлекенов те растады. Оған 2-ықшамаудандағы №1, 3 үйлерге және Владимирский көшесіндегі №23 «а», «б», 101 үйлерге жылу берілетінін хабарлапты. ПИК төрағалары: «Біз жылуды үнемдеу туралы айтып отырмыз, ал төлемақы алуды ерте бастау үшін бізге жылуды алдын-ала қосып отырғаны ма? Ендеше жылу есептегіш орнату науқанының мәнісі қандай?» деп наразылықтарын білдірді. М. Қалиев қаладағы кейбір үйлерге жылу беріле бастағанын растады, бірақ, оның айтуынша, бұл ерікті түрде жасалып отыр екен.

Ж.Келбатырова тұрғын үй кооперативтерінің басшыларына осы мәселелерді анықтауға уәде берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

10 қазан 2012, 20:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.