КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА
Таиландтағы Паттайя қаласында өткен Азия чемпионатында Атырау көркем гимнастика мектебінің шәкірті Айдана Шәкенова доппен орындалатын жаттығу бойынша күміс алқа жеңіп алды.
Айдана Атырауда спорттың осы түрі бойынша «спорт шебері» белгісін алған алғашқылардың бірі. Қазір елорда құрамасында өнер көрсетіп жүр.
ДОЙБЫ
Ташкентте 64 шаршылы дойбыдан Азия чемпионаты өтті. Атыраудан Атырау қаласындағы Ақсай мектебінің оқушылары Бекарыс және Данагүл Жұмалиевтар қатысты.
Турнир қорытындысы бойынша ағайындылар 2 алқадан жеңіп алды. Данагүл «классика» және «блиц» номинацияларында күміс алқа, ал Бекарыс «блиц» бойынша екінші және «рапида» бойынша үшінші орын алды. Балаларды Берік Молдашев пен Еркін Үсенов жаттықтырады.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
Павлодарда 9-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті.
Атыраулық қатысушы Арайлым Құсайынова «блиц» санатында екінші орын иеленді.
ТАЭКВОНДО
Өзбекстандағы Наманган қаласында халықаралық «Namangan Open» турнирі өтті.
Атыраулық спортшы Жаннұр Боранқұлова 63 келіге дейінгі салмақта күміс алқа алды.
АРМРЕСТЛИНГ
Қырғыздың Шолпан-Ата қаласында Азия чемпионаты өтті. ҚР құрамасы командалық 1-орын алды. Бұл табысқа Атырау облысының спортшылары салмақты үлес қосты.
Исатай ауданынан 80 келіге дейінгі салмақта Алмагүл Қанатова сол қол бойынша чемпион және оң қол бойынша күміс жүлдегер атанды. Махамбет ауданынан 80 келіге дейінгі салмақта Рахия Молдашева екі қол бойынша күміс алқаға ие болды. Сол қол бойынша 70 келіге дейінгі салмақта атыраулық Әділ Айтқажин екінші болды. Исатай ауданынан Жанаргүл Мұхамбетова 70 кг дейінгі салмақта ардагерлер санатында екі қол бойынша қола жүлдеге ие болды.
Олардың барлығы ел құрамасындағы өз орындарын қорғап, Румынияға әлем чемпионатына барады.
ПАНКРАТИОН
Римде Еуропа чемпионаты өтіп, онда 52 кг дейінгі салмақта атыраулық спортшы Ерулан Қабдолов көзге түсті.
Ол финалға дейін жетіп, табанды күресте ресейлік палуанға есе жіберіп, нәтижесінде күміс алқа алды. Еруланды Мерей Каштенбай жаттықтырады.
ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС
Атырау спортшылары Кисловодскіде жасөспірімдер арасындағы қоян-қолтық ұрыс бойынша өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті.
Жандос Назар, Айдын Атауов, Бақтияр Бақдәулетов, Ғабдолла Диас, Ерген Жолдыбаев, Сұлтан Орынбасаров пен Бексұлтан Шахпатолла жүлделі орындар алды.
КИКБОКСИНГ
Жамбыл облысының Қордай ауылында 2005-08 жж. жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Аға жаттықтырушы Ержан Базаршаев бастаған облыс құрамасы 5 алтын және 1 күміс алқа жеңіп алды.
Айару Төлеуіш, Алина Мақсот, Файзолла Бекарыс, Кенжебай Айдын және Жексенбай Жандарбек чемпиондар атанса, Санжар Мейрамғали күміс жүлдеге ие болды.
БАСКЕТБОЛ
№1 олимпиадалық резерв мектебінің спорт залында Атырау облысының баскетбол федерациясының алғашқы басшыларының бірі Юрий Шлыковты еске алуға арналған XX қалалық турнир өтті.
1-орынды "Isker", 2-орынды "EGMG", 3-орынды "Apec Petrotechnic" командалары иеленді. Олег Балашов, Ерқанат Қайрошев, Алмаз Қалиуллин үздік ойыншылар, ал ең нәтижелі ойыншы деп Тимур Қалиев танылды. Турнирді ұйымдастырушылар ең жас ойыншыны да атап өтті, бұл 15 жасар Эдуард Лян.
ДЖИУ-ДЖИТСУ
Нұр-Сұлтанда өткен Nursultan Grand Prix турнирінде Атырау командасы: алтын алқа - Жеңіс Нұрлыбаев, күміс алқа - Ғабит Ақниет, қола алқа - Асхат Хамитов, Қуандық Жаңбырбаев пен Қосаман Алмазұлы алқалар жиынтығын жеңіп алды.
Бапкер Қазболат Сатыбалдиевтің айтуынша, оның қарамағындағылар құнды тәжірибеге ие болды. Өйткені қазанда олар Атырауда өтетін ҚР чемпионатына қатысады.
ҮСТЕЛ ТЕННИСІ
Ақтауда ардагерлер арасында ел чемпионаты өтті.
Атыраулық спортшы Нариман Айтуар күміс алқа тақты.