Атырау, 24 қараша 18:49
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Уақыт кері айналғандай

3 288 просмотра


Атырауда астанадағыдай жеңіл металл құрылымдарынан жасалған сауда павильондарын орнату орындары белгіленіп, конкурста жеңіп алған кәсіпкерлерге жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын ЕЛЕУСІЗОВ брифингте мәлімдеді.

Ол Өзбекстаннан келгендер сауда жасап жатқан маусымдық көкөніс сөрелерінің жұмысын заңсыз деп атады. Біріншіден, олардың бәрінің бірдей ауылшаруашылық өнімдерін сатуға рұқсаты жоқ. Екіншіден, еңбек биржасында тіркелген жергілікті жұмыссыздар бар болса, бұл жерде шетелдіктердің жұмыс жасауға еш құқығы жоқ.

- Уақытша маусымдық сауда жасауға, ең алдымен, жергілікті өндірушілерге рұқсат береміз. Ал олар өз орындарына Өзбекстаннан келген саудагерлерді қояды. Содан соң жергілікті тұрғындар 80-100 мың жалақымен ол жерде жұмыс жасағылары келмейді деп ақталады. Қазір «Атырау» ӘКК желісі бойынша 76 сауда нүктесі белгіленді, болашақ павильондардың нобайы әзірленді. Енді оларды конкурсқа шығарғымыз келеді. Ниет білдірушілер оларды ұзақ мерзімге, айталық, 5 жылға жалға ала алады. Бұл сауда орындары тұрақты, яғни, кез келген өнімдерді, азық-түлік, гүлдер немесе баспасөз өнімдерін болсын, жыл бойына сатуға болады, - деп атап өтті қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВ.

Мен спикерлерді тыңдап, бойымды дежавю сезімі - бұрын өмірімде болған жайт қайталанғандай күйге түстім. Уақыт кері айналғандай. Біздің басылымымыздың сайтына көз жүгіртіп, неге екенін түсіндім. Осыдан үш жыл бұрын жаңа сауда павильондарын орнату туралы әңгіме қозғалған екен. Жобаны әзірлеушілер, тіпті, болашақ үй-жайлардың реңіне дейін белгілеп қойған, оларды Атырау таңбасының түсімен бояу жоспарланған екен.

Бұл туралы спикерлерге еске салып, жайма саудамен айналысқан қанша кәсіпкер осы үш жыл ішінде өздерінің сауда орындарын заңдастырып, патриоттық павильондар орнатқанын сұрадым. Бірақ тікелей жауап ала алмадым. Олар қайтадан құжаттаманың әзірленіп жатқанын, жайма сауда нүктелері бойынша рейдтер жүргізіліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқанын айтты. Атырауда көкөністер мен жемістер сатылатын сөрелер сәуірдің ортасында пайда болады. Ол жерлерде басқа жақтан келушілер суық түскенше сауда жасайды. Қала тұрғындарына бұл қолайлы – көкөністерді сатып алу үшін базарға барудың қажеті жоқ, өйткені бағалары бірдей. Мен қала тұрғыны ретінде бұл саудагерлердің қазынаға салық төлегенін қалаймын. Бірақ оларға өз нүктелерін заңдастырғаннан гөрі айыппұл төлеп, әрі қарай жұмыс жасаған тиімдірек секілді. Белгіленбеген жерден сауда жасағаны үшін айыппұл - 5 АЕК.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

26 маусым 2019, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.