Бүгінгі таңда Атырау облысында 4 мыңға жуық деструктивтік бағытта дін ұстанатындар бар. Бұл туралы брифингте Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла КӨШҚАЛИЕВ хабарлады.
Оның айтуынша, облыста жыл басынан бері экстермистік мазмұндағы 1600 аккаунт тексеріліп, 24 тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР ӘҚтК-нің 453-бабының 2-тармағы бойынша айыппұл салынған.
АЖ сауалдары
«Жусан» арнайы операциясымен қанша атыраулық елге оралды?
Атырау облысы бойынша «Жусан-1» «Жусан-2» арнайы операциясы бойынша 21 әйел, 4 ер адам және 26 бала елге қайтарылды. Қазір ер адамдар тергеу изоляторында отыр. Бұған дейін қақтығыс аймақтарынан 3 әйел, 11 бала өз күштерімен шығып келген болатын. Қазіргі кезде соңғы «Жусан-3» арнайы операциясы бойынша келген 10 әйел адам Ақтау қаласында бейімделіп жатыр. Оларға атыраулық мамандар да жіберілді.
Қақтығыс аймақтарында жүрген әлі қанша атыраулық бар?
Басқарма шетелде жүргендердің есебін алумен айналыспайды. Дегенмен, құқық қорғау органдарының көмегімен былтыр күмәнді оқу орындарында оқып жүрген 28 атыраулық анықталған болатын. Атан-аналарымен түсінік жұмыстары жүргізіліп 2019 жылдың 6 айында 3-уі елге қайтарылды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор