Атырау, 24 қараша 18:55
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сүйекті сырқырататын сырқаттар

Сурет
4 917 просмотра


Псориаздық және реактивтік артритке шалдыққан науқастар буындарының жандарына батып ауырып, қисайғанына қарамастан, негізгі ревматологиялық препараттарды тегін алуға құқығы бар пациенттер қатарына кірмейді. Елдегі ревматологтар қазір осы проблеманы шешіп, оларды «өз» пациенттерінің тізіміне алуға жұмыстанып жатыр.

- Өкінішке орай, бұл еліміздегі үлкен проблема. Псориаздан зардап шегетін пациенттеріміз жетерлік, кейбіреулері бала кезден бастап дерматологтың есебіне алынған. Уақыт өте келе олардың аяқ-қолдары майысып, жамбас буындарында проблемалар басталады. Дәрігерлер оларға «Методжект» тағайындайды, бірақ олар ревматологиялық науқастар тізіліміне енбегендіктен оны тегін ала алмайды. Ал дерматологтар біздің профиль бойынша тегін дәрі-дәрмекке рецепт беруге құқылы емес. Жұқпалы ауру деп саналатын реактивті артритке қатысты жағдай осындай. Жастар осы сырқаттан зардап шегеді, егер уақытылы емделмесе, ерте ме, кеш пе, олар бізге асқынған сырқатпен түседі, - дейді облыстық аурухананың кардио-ревматология бөлімшесінің меңгерушісі Балғаным БҰЛТАҚОВА (суретте).

Профессор Бақытшолпан Исаева бастаған Тәуелсіз ревматологтар қауымдастығы тегін дәрі-дәрмектермен қамтылмаған науқастардың проблемасына қатты алаңдайды. Мамандар ұжымдық хат әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігінің әрекетін үмітпен күтіп отыр. Бұрын олар пациенттерді қымбат тұратын «Симпони» препаратымен қамтамасыз ету мәселесін осылайша шешкен еді. Ампуланың біреуі 250 мың теңгеден асады.

ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР – УЧАСКЕДЕ

Балғаным Бұлтақованың айтуынша, жалпы ревматологиялық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ахуалы наразылық тудырарлықтай емес. Бірнеше жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті жерлердегі емханалық қызметті күшейту саясатын жүргізіп келеді. Ревматологтың есебіне алынған пациенттер өздерінің учаскелік терапевтерінен тегін дәрі-дәрмек алуға рецептілер алады. Ревматоидті артритке шалдыққан науқастар - негізгі «Методжект» препаратын, жүйелі қызыл жегімен (ЖҚЖ) ауыратындар «Метипред» гормональді дәрісін, ревматоидті артриттің ауыр түрімен ауыратын науқастар «Римекейд», «Симпони» гендік-инженерлік биологиялық препараттарын; бүйрегі зақымданумен қатар ЖҚЖ-ға шалдыққан пациенттер «Селлсепт» препаратын қабылдайды.

2003 жылы Қазақстанда ревматоидті артритке шалдыққан пациентті «Римекейд» гендік-инженерлік биологиялық препаратпен (ГИБП) емдеудің алғашқы тәжірибесі тіркелді. Дәрі-дәрмектердің қымбат болуына байланысты оларды күнделікті тәжірибеге енгізу қарқынды жүрмеді. 2011 жылы Атырау облысы дәрі-дәрмектің 10 дозасын ғана сатып алды. Бірақ бүгінде өңірімізде ГИБП тапшылығы жоқ.

- Біраз уақыттан кейін негізгі дәрілер әсер етпейтін болады. Науқастар не істейді? Олар қазірдің өзінде мүгедек. Ем алмаса, аурулары жандарына батады, қозғалыстары шектеледі. Осы кезде ГИБП көмекке келеді. Егер дозаның көбейгеніне қарамастан негізгі препараттар тиімді болмаса, онда біздің гендік-инженерлік биологиялық препараттарды тағайындауға құқығымыз бар. Бұл әлемдік тәжірибе, - дейді Б.Бұлтақова.

Осының арқасында соңғы 10-15 жылда ГИБП енгізілгеннен кейін сырқатпен ауырған және емделе бастаған жас пациенттер буындардың терең деформациясы сатысына шалдықпады. Бірақ көптеген препараттар сияқты бұл препараттардың  да кемшіліктері бар. Оларды аутоиммундық сырқаттары бар пациенттерге тағайындайтындықтан, олар иммундық жүйені басады. ГИБП қолданатын пациенттер жұқпалы аурулар мен маусымдық тұмаудан қорғанып, мұқият күтініп жүрулері керек.   

ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖІГІТ

- Ұзақ мерзімді мүгедектік бойынша қазіргі кезде әлемде бірінші орын алатын ревматологиялық аурулардың қауіптілігі мен ауырлығын ескере отырып, ем де тағайындалады. Пациенттер үнемі бақылауда болып, AЛT, AСT бойынша анализ тапсыруы тиіс, олардың нәтижелері бойынша дәрі-дәрмектер дозасын мөлшермен беру керек. Жалпы, біздің емдеу әдісіміз онкология кезіндегі химиотерапияға ұқсас, - дейді мамандар.

Олардың пікірінше, ревматология – мультитәртіптік мамандық, сондықтан олар гематологтармен және онкологтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Дегенмен, ревматология түрлі мамандықтағы дәрігерлердің назарын қажет етеді. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлердің ревматологиялық сырқаттарға диагностика жасауда білімі жоқ. Өйткені көбінесе сырқаттың бастапқы кезеңінде ревматологиялық аурулардың белгілерін білмегендіктен, пациенттерді ревматологқа тым кеш жолдайды. Мысалы, қазір  стационарда 38 жастағы пациент емделуде. Үш жыл бұрын оның көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Жыл бойына көзін емдегенмен жағдайы жақсармапты. Оның үстіне, өкпесі, бүйректері сыр бере бастаған. Осы уақыт ішінде ол сау адамнан ауруханадан шықпайтын ауру адамға айналып, қатты жүдеген. Үнемі денесі қалтырап, қызуы көтеріліп, өкпесі қабынған. Бір күні қан түкірген ауыр халде №2 қалалық ауруханаға түседі. Туыстарымен қош айтыса бастаған жігіттің аяқ астынан жолы бола кетті. Ревматологиялық науқастарды рентгенге түсіретін рентгенолог осындай белгілер болатынын есіне түсіріп, ревматологқа қоңырау шалыпты.

Бұл «өздерінің пациенті» екенін Бұлтақова бірден түсінген. Тамырлары зақымданған, яғни, васкулит бар екені көрініп тұр. Бірақ нақты диагноз қоюға мәліметтер жетіспеді. Бұған офтальмологиялық аурудан бұрын денесіне бөртпелер шығып, оның жыныс мүшелеріне жайылғанын айтпаған пациент те кінәлі. Ол бұл нәрселерді өзара байланыстыра алмаған. Дерматологтан емделген соң бұл проблема туралы естен шығарыпты. Сөйтсе бұл оның ағзасына Бехчет ауруы жұққан алғашқы белгі екен. Жүйелі васкулит класына жататын созылмалы, қайталанатын аурудың зымияндығы сол - пациент буындарының ауырсынғанын сезінбейді және ревматологқа баруды ойламайды. Бұл ауру тері мен шырышты қабаттардың, көздің, буындардың, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесінің эрозиялық-ойық жараларымен сипатталады.

Ол мынадай ауру белгілерін қамтиды: иридоциклит кезінде алдыңғы көз камерасының төменгі бөлігі іріңдейді, қасаң қабыққа ойық жара шығады, кератит; ирит, яғни, нұрлы қабықша қабынады; ауыз қуысының және жыныс мүшелерінің шырышты қабаттарына жаралар шығады.

ЕНДІ АТЫРАУДА ДИАГНОСТИКА МЕН ПРОТЕЗДЕУ ЖАСАЛАДЫ

Созылмалы сырқатқа және қауіпті емес клиникаға шалдыққан науқастар енді тұрғылықты жерінде емделетіндіктен облыстық ревматология кабинетінің дәрігерлері түсініксіз этиологиядағы қызықты жайттарға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік алды. Олар жыл сайын көбейіп келеді. Иммундық жүйе бұзылып, бөгде ауру тудыратын жасушалардың орнына өзінің сау жасушаларын қателесіп жоя бастайтын аутоиммундық жүйенің табиғаты әзірге түбегейлі зерттелмеген. Сырқаттану себептерінің бірі - буындарда әртүрлі бояғыштарға, тағамдық және тұрмыстық химияға реакция ретінде туындайтын улы заттардың жиналуы.

Антропогендік фактордың салдарынан аутоиммунды аурулар – қызыл жегі, әсіресе, васкулиттің алуан түрі - өте ауыр және агрессивті ауруларға айналған. Негізінен бұл ауруларға жас әйелдер шалдығады. Күні кеше ғана ангинадан соң пайда болған васкулитпен облыстық аурухананың кардиоревматология бөліміне пациент түсті. Дәрі-дәрмек васкулиті деген де сырқат бар. Артериалдық гипертониясы бар пациенттер тұрақты түрде қан ұйытатын дәрі-дәрмек қабылдайды. Бұл кейде тамырлардың зақымдануына соқтырады.   

Ревматология, шын мәнінде, осы жүйелік аурулардың диагностикасы мен терапиясын енді ғана зерттей бастап, тәжірибе жинақтауда. Өйткені олар ревматикалық аурулар құрылымында сан жағынан болмаса да, ағзаға әсер ету ауырлығына қарай біртіндеп алдыңғы орындарға шығуда. Бұрын бұл мәселемен гематологтар мен травматологтар көбірек айналысқан болатын.

- Біздің диагностикалық базамыз жақсы, КТ, МРТ аппараттарымыз бар. Алматы, Ресей, Германияның зерттеу орталықтарымен келісіммен жұмыс жасап келеміз. Анализ жасау үшін оларға материалдарымызды жолдаймыз. Заманауи диагностика сырқаттың дамуын күтпестен ауруды ерте емдей бастауға мүмкіндік береді. Дәрігер-ревматологтар бүгінде №1 және №5 емханаларда, Атыраудың жеке екі медицина орталықтарында жұмыс жасайды. Бірнеше жылдан бері қаламызда тізе және жамбас буындарын эндопротездеу жасалуда. Яғни, пациенттерге диагностика жасатып, ем алу үшін басқа қалалар мен елдерге шығудың қажеттілігі жоқ, - деп атап өтті Балғаным Бұлтақова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

26 маусым 2019, 11:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.