15 маусымда Атырауда шомылу маусымы ашылды. Демек бұл дабыл маусымы деген сөз: жыл сайын Жайық суға шомылған бейқам жандардың өмірін жалмап жатыр. «АЖ» бастамасымен облыстық «жедел жәрдем» станциясының қызметкерлері дәрігерлер келгенше суға батқан адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін айтып түсіндірді. Өйткені мұндай жағдайда минуттар емес, тіпті, секундтардың өзі маңызды.
- Қызметкерлеріміз халықаралық стандарттар бойынша арнайы оқудан өткен және шұғыл, соның ішінде суға батқан адамдарға медициналық көмек көрсетуге арналған бүкіл қажетті жабдықтармен жарақталған, - дейді станция директорының орынбасары Наргиз БАЙМОЛДАЕВА.
Жайық жағалауында фельдшерлер «АЖ» тілшісіне жедел жәрдем бригадасы келгенше алғашқы жәрдем беру ретін көрсетті.
1. Батқан адамды судан шығарғаннан кейін оның тыныс алуын, есінің, зақымдалған жерінің бар-жоғын тез тексеріп шығу керек.
2. Шүберекпен оралған сұқ саусақпен ауыз қуысын құмнан, лайдан, балдырдан және т.б. тазалау.
3. Тіршілік белгісі жоқ болса, жүрек-өкпені тірілтуге көшу керек. Жасанды тыныс алдырудың ең жақсы тәсілі – дәке немесе қол орамал арқылы «ауыздан ауызға» немесе «ауыздан мұрынға» ауа үрлеу (соңғысы жақсырақ). Осы уақытта зардап шегуші басын шалқайтқан күйде жатуы тиіс (омыртқаға зақым келмеген жағдайда). Жүрек-өкпе реанимациясын «103» бригадасы келгенге дейін жалғастырады.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер мен инфографика автордікі