Жақында Атырау қаласы мен қалаға қарасты ауылдық округтерде Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша "Нұр белес" қоғамдық бірлестігі жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған ақысыз аула клубтарын ұйымдастырды. Орталықтарда балалар домбыра, гитара, баян, робототехника, менталды арифметика, ағылшын тілі, шахмат, үстел теннисі, драма, дебат, жас аспаз, қолөнер, бисермен тоқу, тігін және би өнері бойынша сабақ ала алады.
Нұрсая ықшам ауданында орналасқан «Жеті қазына» жастар орталығының әкімшісі Сюмсина ТУРГАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, мұнда әр түрлі үйірмелерде 300-ден аса бала қамтылған.
9 сынып оқушысы Дильназ БОЛАТОВА:
- Үстел теннисіне кішкентай кезімізден қызығамын. Жақында орталықта жарыс өтіп, 3-ші орынға ие болдым. Енді келесі айда қаладағы 12 аула клубының жеңімпаздары арасында өтетін жарысқа дайындалып жатырмын, - деді.
8 сынып оқушысы Альбина ҚАРЫМСАҚОВА:
- Сіңлім екеуміздің жазғы демалысымыз осында өтіп жатыр. Біз мұнда ағылшын тілі, тігу өнері, драма, домбыра, бисер, би және жас аспаз үйірмесіне қатысамыз. Өте қызық, көптеген достар таптық және ең бастысы тәттілер пісіруді үйреніп жатырмыз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор