Атырау облысы Индер ауданындағы Есбол ауылында полиция жүргізуші куәлігі жоқ жергілікті тұрғын мен оның досын ұстап, арнайы құралдар – сойыл, электршокер және көз жасаурататын газ пайдаланған. Кейін ұсталғандарды әкімдікте орналасқан учаскелік инспектордың бөлмесіне алып барғанда полицейлердің қатал әрекеттері мен заңсыздықтарына күйінген елуден аса есболдық арттарынан осы жерге келеді. Наразы жұртқа ақсақалдар мен ауыл әкімі басу айтқанымен, адамдар тек ұсталғандар босағаннан кейін ғана тарады. «АЖ» тілшісі оқиға орнында болып, егжей-тегжейін біліп қайтты.
АУЫЛДАҒЫ АЛАСАПЫРАН
Төрт баланың әкесі, 34 жастағы Айбол ҚҰРМАНБАЕВ:
- Вахталық әдіспен жұмыс істеймін, қазір демалыстамын. 16 маусымда кешкі он шамасында өзімнің «Ваз-2106» көлігіммен Тайманов көшесіндегі дүкенге бара жатқанмын. Кенет полиция қызметкерлері мінген төрт «Нива» автокөлігі менің көлігіме тосқауыл жасап, қоршап алды. Есікті ашып, көлік құжатын көрсетуімді сұрады. Мен оларға өздерін таныстыруды, не себептен тоқтатып жатқанын сұрадым. Олар менің көліктен шығуымды талап етті. Мен машинадан түскенімде полицейлер дубинкамен сабап, күш көрсетіп, бетіме баллоннан газ шашып, тоқпен ұрып, қолымды қайырып, күштеп кісен салды. Сосын өз көліктеріне салып, мені учаскелік полицияның кеңсесіне алып келді. «Маған ішімдік ішкенсең» деді бірі, мен «тексеріңдер» дедім. Менімен бірге оқиға болған жерге келіп, ара түспек болған ауылдасым, әрі досым Шыңғысты да бірге алып келген. Мүмкін көлігімнің төлқұжаты үйде қалып қойған шығар, бірақ осылайша күш көрсетуге бола ма? Бірер сағаттан кейін еш кінә таға алмай, Шыңғыс екеумізді босатты. Басқа полиция қызметкерінің қалтасында кеткен кісеннің кілтін күтіп, тағы отырдық.
Есбол ауылының тұрғыны Шыңғыс АЛИПОВ:
- Полицейлердің Айболды соғып жатқанын көріп, қастарына жақындадым. Сол жерде бетіме газ шашып, дубинкамен сабап, қолыма кісен салып, көлікке отырғызды.
Айболдың анасы Райхан ШОЛТАШЕВА:
- Мен барғанда балаларды полиция көлігімен алып кетейін деп жатыр екен. Балалар беттерін басып, айқайлап жатты. Естіген бойда жеткен кіші ұлымның бетіне де газ шашқан, бірақ ол қашып үлгерген. Әкімдік ғимаратына барсам, көп адамдар жиналып қалған. Бір кезде Айбол мен Шыңғысты босатты. Мен түн іші болса да, ұлымды дәрігерлік тексерістен өткізуге алып бардым. Баламның ішімдік ішпегені анықталды, газдан көздері қызарып кеткен екен, жуып тазартып берді.
«ҚЫЗМЕТТІК ТЕКСЕРУ ЖҮРІП ЖАТЫР»
Осы оқиғаға байланысты 18 маусымда ауылдың мәдениет үйінде өткен жергілікті тұрғындармен кездесуге облыстық жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұрат ДЕМЕГЕНОВ, аудандық Мәслихат хатшысы Бағдат САПАРОВ, аудандық ІІБ бастығы Берік ЖАНҰЗАҚОВ, Есбол ауылдық округінің әкімі Ерболат САБИРОВ келді. Жиын екі сағатқа созылып, тұрғындар өз наразылықтарын айтты. Аудандық ІІБ бастығы Б. Жанұзақовтың айтуынша, полицияның шұғыл-алдын алу шарасы кезінде Есбол ауылы тұрғындарымен арада түсінбеушілік болып, екі адамды алып кетпек болғанда тұрғындар жиналып, кедергі келтірген. Ал ауыл адамдары полиция мен жастар арасындағы келіспеушілік осы оқиға болардан үш күн бұрын басталғанын айтады. Олардың айтуынша, полиция қызметкерлерінің топ болып бірнеше машинамен ауылға сау ете түсуі кезекті рейдтен гөрі «разборка» жасауға келгендей.
- Полиция дабылын қосып, ауылды басына көтерді, балаларды қорқытты. Бұл дұрыс па, тыныштықты неге сақтамайды? Екі ауылдасымызды кәнігі қылмыскерлерді ұстағандай ұрып-соқты. Бұл заңды ма?- дейді тұрғын Бекбай ТӨЛЕГЕНОВ. Жиында сөз алған басқа да тұрғындар мұны қолдап, бұл жайдың аяқсыз қалмауын, шарасы алыну қажеттігін айтып өтті.
Мұрат Демегенов бұл оқиғаға байланысты облыстық ПД бұйрығына сәйкес, өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеруді бастағанын, полицейлердің іс-әркеттеріне құқықтық баға берілетінін айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор