21 маусымда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Алдымен облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Атырау облысының еңбек ардагерлері Бақтыбек ТАУБАЕВ мен Мұхамбетжан САПАРОВҚА Атырау облысының құрметті азаматтары төсбелгілерін салтанатты түрде табыс етті. 2019 жылға арналған жергілікті бюджеттегі өзгерістер туралы баяндаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары Рафик ӘБУОВ облыс қазынасы жыл басынан бері 94,5 млрд теңгеге артқанын, енді 388 млрд көлемінде болады деп болжанып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен республикалық бюджетке алынатын қаражат 15 пайызға көбейіп, бұл сома 105,2 миллиард теңге болады.
Атырау облыстық қорғаныс департаментінің бастығы Батырхан АҚБАЛИЕВ депутаттарға әскери қызметке шақыртудың өзекті мәселелері туралы баяндады. Бұл мәселе бойынша бәрі бірдей керемет емес екен:
- Қорғаныс министрлігінің тәртіптемесіне сәйкес, осы жылдың көктемінде 705 адамды әскер қатарына шақыруға тиіс едік. Ал іс жүзінде әскери борышын өтеуге 575 адам аттанды. Былтырғы сияқты, биыл да жоспар орындалған жоқ.
Әскери комиссар медициналық комиссия жұмысын сынға алды:
- Комиссияда дәрігерлер жетіспейді, аудандарда офтальмолог, лор, дерматолог және рентгенолог жоқ. Дегенмен, дәрігерлердің кеңесін алған соң, әскер қатарына шақырылғандардың кейбірі кейінге қалдыру үшін әдейі емделмейді.
Ақбалиев өскелең ұрпаққа, оның пікірінше, өз елінің алдындағы борыштық сезімін және Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды дұрыс атқармайды деп педагогтарға да сын айтты. Сөз соңында ол облыс әкіміне әскери комиссариаттардың өзекті мәселелерін шешуге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Биыл Атырау мен Махамбетте және Индер, Мақат, Құрманғазы аудандарында аумақтық қорғаныс бөлімдері құрылады.
Сессия аяқталған кезде облыстық мәслихат депутаттары Абзал ТӘЛТЕНОВ пен Александр ДУМЛЕРДІҢ өтініштеріне сәйкес, олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарлама айтылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ