Атырау, 29 наурыз 12:04
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Атырау» ел кубогінің финалына өтті

Сурет
3 199 просмотра


19 маусымда футбол алаңы қайтадан жаңартылған «Мұнайшы» стадионының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шарадан соң бірден «Атырау» командасы мен шымкенттік «Ордабасының» арасында ел кубогі жартылай финалының қарымта матчы басталды. 0:0 есебімен тең түскен командамыз бірінші матчтағы нәтижелі тең (1:1) ойынның қорытынды есебі бойынша финалға жолдама алды.

Естеріңізге сала кетейік, маусым алдында мұнайлы астананың үш бірдей стадионы («Мұнайшы», «Судоремонтник», «Томарлы») «Атырау» ФК өз алаңында матч өткізу құқығын беретін Қазақстан футбол федерациясының сертификатын  ала алмады. Федерация инспекциясының қойған басты талабы алаң көгалының  қанағаттанарлықсыз жағдайы еді. Мұндай тыйым қарағандылық «Шахтердің» стадионына да салынды.

Осыған байланысты клуб матч өткізуге басқа қалалардан стадионды жалға алды. Бастысы  - «Мұнайшы» стадионының футбол алаңын қайта жаңғырту үшін қаржы бөлетін демеушілер іздеді.  «GazStroyMontazhkz» ЖШС өз күшімен жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді. Соның нәтижесінде күні кеше команда өз алаңында кездесу өткізу үшін жоғары сапалы жасанды көгал төселген футбол алаңын қабылдады. Айтпақшы, Қарағандыда «Шахтер» стадионы да жөндеуден өткен соң, біздің стадионмен бірге ашылды. Осы демалыс күндері команда чемпионаттағы алғашқы матчтарын өз алаңдарында өткізеді.


Футбол алаңын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВ және «GazStroyMontazhkz» ЖШС директоры Ерлан ТАБЫЛДИЕВ ашты. Олар командаға үлкен жеңістер, жанкүйерлерге мықты денсаулық тіледі.  

Енді матчтың өзіне келейік. Алғашқы секундтардан бастап-ақ қонақтар бірден шабуылға көшті, ал алаң иелері қарсы шабуылды қорғаныс тәсілін таңдап алды. Олардың кейбірі тіпті қауіпті болды. Қорғаушы  Қуаныш ҚАЛМҰРАТОВ  гол да салды, бірақ төреші бұған дейін қолмен ойнады деп голды есептемеді. «Атырау» командасының шабуылшысы Дарко БЬЕДОВ және басқа да футболшыларымыздың гол салу мүмкіндіктері болды.  Алайда, басымдық қонақтар тарапынан болды. Біздің команда сауатты қорғана білді, қақпашы Владимир ЛОГИНОВСКИЙ шеберлік танытты. Ойын соңына қарай «Атырау» есепті тең ұстау үшін ойынды соза түсті. Міне, ойын да аяқталды. Командамыз кубок финалына шықты.

Матч аяқталған соң облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ мінбеден жанкүйерлерге қарай түсіп, оларды жеңістерімен құттықтады. «Біз үшінші рет қатарынан Қазақстан кубогінің финалына шығып отырмыз, ендігі жерде сол олжаны қанжығаға байлайтын уақыт келді!», -деді облыс әкімі.


Журналистер матчтан соң баспасөз-конференциясында командалардың бас жаттықтырушыларымен кездесті.

Кахабер ЦХАДАДЗЕ («Ордабасы»):

- Құттықтаймын. Екі рет ұтылмастан ойнасақ та, шығып қалғанымыз әрине, қиын. Екі ойынның қалай болғанда да біреуін жеңуіміз керек еді. Бүгін біздің тарапымыздан шешуші дәл соққы беретіндей сәттер көп болды. Бұл енді ойыншылардың біліктілігіне қатысты мәселе. Қысқасы, бұл жеңілісімізді тез ұмытуымыз керек, өйткені алда бізді өз алаңымызда «Астана» командасымен болатын маңызды ойын күтіп тұр.

- Жаңа футбол алаңының сапасы қалай?

- Алаң жақсы, мықты ойын көрсетуге болады. Алайда, жазғы ыстықта жасанды көгалда ойнау қиын, өйткені одан ыстық леп бөлінеді. Әрине, бұл өткен жылғы біз ойнаған алаңмен салыстырғанда жақсырақ.

Олег ДУЛУБ («Атырау»): Бұл таза кубоктік матч болды – тартысты күрес, есептелмеген голдар, арбитрлармен сөзге келу. Біздің командамыз ерлерше мінез көрсете білді.  Біз үшін финалға шығу өте маңызды, осы сәтті пайдаланып, мен «Қайратпен» болған матчта бізге қолдау көрсеткен облыс әкіміне алғыс айтқым келеді.

- Жаңа футбол алаңына шағым бар ма?

- Қазір ғана осында келерде Ерсұлтанмен («Атырау» ФК баспасөз-атташесі Ерсұлтан Мұсабек) үш ай бойы сырт алаңда ойнағанымыз туралы сөйлескен едім. Міне, енді биылғы алғашқы матчымызды өз "үйімізде" өткіздік. Мен жаңа футбол алаңын сыйлаған жандарға ризамын.

- Біздің ойыншыларымыз тез шаршап қалғандай көрінді...

- Екі айда біздің 15 матч өткізгенімізді ескеру керек. Командада жарақат алғандар көп. Біз әрбір матч сайын резервтер іздейміз, ойыншылар ұсынамыз, негізгі топқа жас футболшыларды тартамыз. Бізге алға қарай жылжу үшін күшею керек. Трансферлік терезе 24 маусымда ашылады. «Ақтөбемен» ойыннан кейін жаңа ойыншыларды шақырамыз.

- Көздеп отырған ойыншыларыңыз бар ма?

- Бар, бірақ мен оны талқыға салғым келмейді (күледі). Міндетті түрде толықтырулар болады.

- Финал туралы ойларыңыз қандай?

- Басқа жартылай финалдық жұпта финалға «Қайсар» шықты. Тәжірибелі, мықты команда, олардың таңбасындағы қасқырдың бейнеленуі бекер емес. Көпшілік финалға «Тобыл» мен «Ордабасы» шығады деп болжаған еді, қалай болғанын қараңыз. Бұл футбол. Менің білуімше финал қыркүйекте өтеді, ал әзірге бізге чемпионаттағы өз істерімізді түзетіп алу керек.

«Атыраудың» бас бапкері, әрине, дұрыс айтады, істі жөндеп алған жөн. Қазір команда турнирлік кестеде 11 ұпаймен соңғы орынның алдында тұр. Кейінгі тұрған команда «Ақтөбе», 23 маусымда «Атыраумен» жаңарған «Мұнайшы» алаңында кездеседі. Матчтың басталуы 19:00.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

21 маусым 2019, 09:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.