Митингілерден соң құқық қорғау органдары қатысушыларды ұстай бастады.
Грузияның астанасы Тбилиси қаласында наразылық акциялары өтті.
Бейсенбі күні түстен кейін Руставели даңғылына мыңдаған адамдар жиналды – оппозиция көшбасшылары мен жақтастары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқа тұрғындар, деп хабарлайды Sputnik Грузия.
Тбилисидегі митингіге Госдума депутаты Сергей Гавриловтың Парламентаралық православие ассамблеясы президенті ретінде Грузияға келуі төңірегіндегі ахуал себеп болды.
Наразылық акциялары бірнеше сағатқа созылған соң, түн ортасында құқық қорғау органдары көздің жасын ағызатын газ, суатқыш және резеңке оқ қолданды.
Митингіге жиналғандар азайғанымен, басым көпшілігі тарамай қойған. Олар полиция тосқауылын бұзып, парламент ғимаратына кіруге талпынды. Акцияға қатысушылар полицияға таяқ пен бөтелке лақтырды.
Арнайы жасақ күштері парламент ғимараты алдындағы алаңды босатқанымен, көшелерде наразылық білдірушілердің азын-аулақ тобы әлі жүр. Полиция қатысушыларды ұстай бастады.
Соңғы деректерге сүйенсек, акцияға қатысқан 30 шақты адам мен 40 полицей зардап шекті, деп хабарлады Грузияның премьер-министрінің кеңесшісі Давид Сергеенко. Зардап шеккендер арасында тілшілер, оның ішінде TV Pirveli, Rustavi2 және Бірінші арна журналистері бар.
Дереккөз: sputniknews.kz