Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози сыбайлас жемқорлық және тергеуге заңсыз қысым көрсету ісі бойынша сотқа тартылмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА France 24 арнасына сілтеме жасап.
Саркозидің соты жуық айларда болуы мүмкін. Бұл туралы 19 маусымда AFP агенттігі хабарлады. Францияның Кассациялық соты Саркози ісі бойынша сот талқылауын өткізуге қаулы қабылдады. Саркозимен қатар, оның адвокаты Тьерри Херцог пен бұрынғы судья Жильбер Азиберден де сотта жауап алынады. Саркози 2007 жылғы президенттік кампаниясы үшін L'Oreal мұрагері Лилиан Беттанкурден заңсыз төлемдер қабылдады деген айыптаумен тексеріс жүргізген тергеушілер Херцог пен Азибердің телефон сұхбатын жазып алған. Тергеу барысында Саркози мен Херцог жалған есімдермен тіркелген ұялы телефондарды қолданған. Тергеушілер Саркозидің өзі Пол Висмут деген бүркеншік атпен сөйлескенін айтып отыр. France 24 саяси редакторы Марк Перельманның пікірінше, егер Саркозиге тағылған айыптаулардың барлығы дәлелін тапса, ол «10 жылға дейінгі мерзімге жабылуы» мүмкін. 2014 жылы Саркози тергеудің басында полиция қамауға алған Францияның алғашқы президенті болған. Алайда, ол Францияның сот жауапқа тартқан алғашқы экс-президенті емес. Оған дейін, Жак Ширак та 2011 жылы жауапқа тартылып, Париждің мэрі болған тұста мемлекет қаражаттарын оңды-солды жұмсағаны үшін екі жылға шартты түрде сотталған. Ал егер Саркозидің тергеуі жалғаса берсе, ол Францияның президент кезіндегі әрекеттері үшін сотталған алғашқы экс-президенті болуы мүмкін. Саркозиге қатысты, ол 2012 жылы Франция Президенті лауазымына қайта сайлануға берген өтінімі сәтсіз болғалы сот тәртібінде тергеу жүріп жатыр. Өткен айда Жоғарғы сот 2012 жылғы кампанияны заңсыз қаржыландырды деген айыптау бойынша екінші рет сот талқылауынан сытылып шығу үшін берген апелляциясын қайтарды. Айыптаушылар Саркози қайта сайлану үшін жалған есепшоттар арқылы 43 миллион еуроға жуық қаражат жұмсағанын айтады. Бұл - заңмен белгіленген 22,5 миллион еуродан екі еседей көп.
Дереккөз: inform.kz