Атырау, 27 қараша 21:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Халықаралық тергеу MH17 апатына күдікті төрт азаматты атады

2 008 просмотра
Малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы құлаған орын. Грабово селосы, Донецк облысы, 17 шілде 2014 жыл.

Біріккен тергеу тобы (JIT) 2014 жылы Украинаның Донецк облысында құлап, бортындағы 298 адам түгел қаза тапқан малайзиялық "Боинг" ұшағының апатына күдікті төрт азаматты атады. 19 маусымда тергеушілер өткізген баспасөз жиынында айтылған дерекке қарағанда, апатқа үш ресейлік пен бір украиналықтың қатысы бар.

Күдікті деп танылғандар қатарында өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" күштерінің бұрынғы қолбасшысы Игорь Стрелков (шын тегі – Гиркин), орынбасары Сергей Дубинский (лақап аты – Хмурый), Дубинскийдің орынбасары Олег Пулатов (Грюза) пен украиналық Леонид Харченко (Крот) бар.

Тергеу аталған төрт азамат сепаратистер бақылауындағы аумаққа "Бук" зениттік зымыран кешенін жеткізуді ұйымдастырды деп санайды. Әскери кешен Ресейден жеткізілген болуы мүмкін деп саналады. Төрт азамат адамдар өліміне күдікті деп танылған. Таяуда оларға халықаралық іздеу жарияланады. Лайнер апатына байланысты сот процесі 2020 жылдың наурызында басталады.

Украина, Нидерланд пен Австралия тергеушілер зерттеуіне қолдау білдірді. Нидерланд прокуратурасы күдіктілерге айып тақса, Украина президенті Владимир Зеленский "кінәлілер сот алдында жауап беруі тиіс" деп мәлімдеді.

Ресей мен Украина заңнамаларында азаматтарды экстрадициялау қарастырылмағандықтан тергеу төрт күдіктіні алдырту туралы сұрау салмайды. Арнаулы топ күдікті азаматтардың тергелуін талап етпек.

Тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Прокуратура төрт күдіктіге жаңа айыптар тағуы мүмкін.

Нидерланд, Украина, Бельгия, Австралия мен Малайзия тергеушілері кіретін арнаулы топтың зерттеуіне қатысты төрт күдіктінің бірі – Игорь Стрелков пікір білдірді. "Интерфакс" агенттігімен сөйлескен Стрелковтың сөзінше, Донецк сепаратистері малайзиялық "Боингті" атпаған. Ол тергеуге түсінік беруден бас тартты. "Хмурый" деген лақаппен аталатын және бір күдікті - Сергей Дубинский BBC-дің Орыс қызметіне берген сұхбатында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

2014 жылы 17 шілдеде Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқанда Украинаның Донецк облысы аумағына құлаған Boeing 777 жолаушылар ұшағындағы 298 адам түгел қаза тапқан.

Апат себептерін тексерген халықаралық тергеу тобы ұшақты "Бук" зениттік зымыран кешенімен әуеден атып түсірген деген тұжырым жасаған. Тергеу болжамы бойынша, қаруды Ресейден жеткізген және зымыранды Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылайтын аймақтан атқан.

2015 жылы Нидерланд Boeing 777 жолаушылар ұшағының апаты туралы іс бойынша халықаралық трибунал құруды ұсынған. Ресей бұл бастамаға қарсы болып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында оны өткізбей тастаған.

Мәскеу малайзиялық ұшақ апатына қатысы бары туралы айыптауларды жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

20 маусым 2019, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.